Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 21.12.1988 жылғы № 285-р Жарлығы бойынша ұйымдастырылған. Мұражай қоры 1986 - 1988 жылдары жергілікті өлкетанушы М.Төрегелдиннің бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімі болып ашылған кезеңінен жинақтала бастаған. Мұражай Сарыарқаны басып өтетін ежелгі керуен жолдары мен орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының Ұлытау арқылы Ресейге шығатын маңызды тармағында орналасқан.

Өзінің тақырыптық ерекшілігі, экспозициясының құрылымы, жәдігерлерінің құндылығы жөнінен Орта Азия, ТМД елдерінде кездеспейтін бірегей орталық болып есептеледі.

2001 жылы Ардагерлер кеңесінің отырысында  Республика Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай музейдің аллеясына 10 қарағай  отырғызу туралы шешім қабылданды. Көкшетаудың  «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен өзара қарым-қатынас орнатылып, ұлттық парк көшеттерді Жезді музейіне тарту ретінде сыйлады.  Осылайша қазақ ұлысының тәуелсіздік күрестеріне ұйытқы болған, Хан Абылай орда тіккен тарихи мекеннен қарағай көшеттері әкелінді.


Көшеттерді отырғызу рәсіміне  Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері,  Ұлытау, Жезқазған өңірінің зиялы қауымы, мекеме, ұйым өкілдері қатысты.

 

2020 жылдың 14 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Жезді музейінде «Біз - Тәуелсіздік құрдастарымыз» атты кездесу өтті.  Кездесуге Жезді кентінде тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп ер жеткен, әр салада білім алып,  бүгін туған ауылында еңбек  етіп  жүрген жастар және 2001 жылы ардагерлер аллеясының төріне Тәуелсіздік құрметіне қарағай көшеттерін отырғызған аға ұрпақ өкілдері  қатысты. Ауылымыздың құрметті ұстазы, 42 жыл білім саласында еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген мұғалім  Сәбира Әбдікәрімова,  ауылдың мәдениетіне зор үлес қосқан, бүгінде Жезді кентінде ашылған өнер мектебінің домбыра класының оқытушысы Сара Өмірзақова, Қарсақбай мыс заводының маманы Әбдіхалық Азнабай қатысты. Кездесуге қатысушы қонақтар 2001 ж. қарағай отырғызу салтанатын еске алды.

 

Жезді жастарының акциясына қатысқан ауыл жастары «Мен жанбасам лапылдап...» атты үндеуін жолдап,  Мағжан бабамыздың жастарға артқан сеніміне лайық бола  алатын  ұрпақ екенін көрсетті.