«Ұлытау және 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы»

 

2026 жылы ұлт тағдырында айырықша орын алған, Қазақстан мен Орта Азияны қамтыған ең көлемді қарулы көтеріліс – 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 110 жылдығы атап өтілуде. Осыған орай музейде «Ұлытау және 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы» тақырыбында көрменің ашылуы  өтті. Көрме тақырыбы шілде айында Сәтбаев қ. әкімдігінің бастамасымен өтетін Ұлытаудан Торғайға дейінгі тарихи-танымдық экспедицияның мақсатымен үндес болғандықтан, оның ашылуы экспедиция мүшелерімен кездесу сағатымен жалғасты. Көрме-кездесуге музей саласының өкілдері,  ардагерлер,  экспедиция мүшелері және өлке тарихына қызығушылық танытқан тұрғындар қатысты.

Көрме-кездесуді музей басшысы А.Рахмания ашып, көтерілістің тарихи маңызына тоқталып, экспедицияға жұмысына сәттілік тіледі. Экспедиция мүшесі, Сәтбаев қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Қ.Төлеш экспедицияның бағыты мен мақсаты туралы баяндап берді. Еңбек ардагері Қ.Құлахметов  Ұлытау өңірі бойынша қолына қару алған Амангелді сарбаздары жайында әңгіме өрбітті.

Көрмеде қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің туындылары желісі бойынша дайындалған арнайы инсталляция ұсынылды. Инсталляция көрермендерді көтеріліс кезеңінің тарихи атмосферасына жетелеп, сол заманның рухын сезінуге мүмкіндік береді. Сарбаздарды қару-жарақпен қамтамасыз етуде дәстүрлі далалық ұстаханалар маңызды рөл атқарды. Мұнда Амангелді сарбаздарына қызмет еткен ұсталарға қатысты материалдар, ұсталық кәсіптің көтеріліс кезіндегі маңызын көрсететін деректер, ұста құралдары мен қару-жарақтардың жаңғыртпалары қойылған. Сонымен қатар азаттық қозғалысының бас сардары, халық батыры А.Иманов ас ішкен астау, белгілі ұста Бектепберген Үдербайұлының көрігі көпшілік назарына ұсынылды.

 Көрме-кездесудің  эпилогы ретінде экспедиция мүшелеріне жауынгерлер, аңшылар мен малшылардың далалық жағдайда жеркөмбе әдісімен дайындайтын дәстүрлі «Жорық асы» ұсынылды. Еңбек ардагері Ш.Үмбетов сөз сөйлеп, жаугершілік заманында кеңінен қолданылған жорық асының дайындалу ерекшелігі мен оның маңызына тоқталды. Бұл тағамның ұзақ жорықтар мен қиын жағдайда сарбаздардың күш-қуатын сақтауға септігін тигізгенін айтып, халқымыздың көшпелі тұрмысындағы орны туралы құнды мәліметтермен бөлісті.

Іс - шара аясында музей қоры тағы бірқатар құнды жәдігерлермен толықты. Ұлытау, Кішітау аймағына танымал қолөнер шебері Садуақас Бостыбайұлының ұрпағы Б.Садуақасұлы атадан қалған асыл мұраларды музей қорына тапсырды. Бұл жәдігерлер халқымыздың дәстүрлі қолөнері мен тұрмыс мәдениетін айғақтайтын құнды мұра ретінде бағалы.