Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі өзінің тақырыптық ерекшілігі, экспозициясының құрылымы, жәдігерлерінің құндылығы жөнінен Орта Азия, ТМД елдерінде кездеспейтін бірегей орталық болып есептеледі. Жалпы тарихи дәуірлер шеңберінде халқымыздың ата кәсіптерінің бірі саналатын – металл қорыту ісінің пайда болып, бүгінгі замандарға дейінгі даму сабақтастығын көрсетуге негізделген.

 

Музей экспозициясы залдардан емес сыртқы қақпадан басталады. Музей залдары мен ашық аспан астындағы экспозициялар арқылы тұтастай тау-кен және металлургия ісінің өткені мен бүгінінен сыр шертеді. 17000 астам бағалы қоры бар Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ең құнды әрі саяхатшылардың назарын аударатын экспонат – ежелгі балқыту пештері. Сарыарқа, оның ішінде Жезқазған аймағындағы біздің заманымызға дейінгі II-I мыңжылдықтар, яғни бұдан 4-5 мың жыл бұрынғы өркениетті, материалдық мәдениетіміздің ерекше дамығандығын айқындайтын бірден-бір ескерткіш, ежелгі кен қорыту пештерінің орындары. «Ежелгі заводтардың» ғылыми негізін дайындау Қ.И. Сәтбаев, Ә.Х. Марғұлан, Н.В. Валукинскийдің еңбектеріне сүйеніп жасалды. Музейдің экспозициялық залында көне заманда мыс, қола балқытылған пештердің схемалық көріністері, пайдалану әдіс-тәртібі, технологиясы жан-жақты көрсетіледі. Музей алаңында осындай пештердің екі үлгісі бар. Біріншісі – Ағадыр ауданы Атасу мекенінен табылған пеш, екіншісі – Милықұдық қонысында пайдаланылған балқыту пеші. Өнім алу үшін жоғарғы температурада, металды кен жынысынан айырып алу үшін үздіксіз көрікпен үрленеді. Бұл процесс 10-12 сағатқа дейін созылады.

 

Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихының музейі тақырыптық-экспозициялық жоспары тұрғысынан алғанда жоғарыда айтылғандай республикада жалғыз музей. Оның 7 негізгі экспозициялық залы мен ашық аспан астындағы экспозициялары тұтастай тау-кен және металлургия ісінің көне дәуірлерден бергі тарихын насихаттайды.