Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы
Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 21.12.1988 жылғы № 285-р Жарлығы бойынша ұйымдастырылды. Мұражай қоры 1986-1988 жылдары жергілікті өлкетанушы М.Төрегелдиннің бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімі болып ашылған кезеңінен жинақтала бастаған. Мұражай Сарыарқаны басып өтетін ежелгі керуен жолдары мен орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының Ұлытау арқылы Ресейге шығатын маңызды тармағында орналасқан.
Өзінің тақырыптық ерекшілігі, экспозициясының құрылымы, жәдігерлерінің құндылығы жөнінен Орта Азия, ТМД елдерінде кездеспейтін бірегей орталық болып есептеледі.
Экспозиция концепциясы жалпы тарихи дәуірлер шеңберінде халқымыздың ата кәсіптерінің бірі саналатын – металл қорыту ісінің пайда болып, бүгінгі замандарға дейінгі даму сабақтастығын көрсетуге негізделген. Мұражайдың 17 мыңнан астам экспонат қоры осы тақырыпқа сәйкес жүйеленіп, 7 негізгі экспозициялық залдар мен ашық аспан астындағы алаңдарда көрмеленеді. Жезқазған аймағындағы ең ежелгі металлургиялық қоныстар қазіргі мыс алыптарының технологиясымен салыстырмалы түрде көрсетіледі.
Мұражай экспозициясының басты құндылығы – ашық аспан астындағы көрме алаңдары. Негізгі жәдігерлер – ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында өлкедегі тау-кен, мыс, қорғасын, көмір өндірістерінде қолданылған шетелдік техникалар мен жабдықтардың толық нұсқалары мен фрагменттері, өлкеге келген алғашқы отарба жүк вагондарымен, алғашқы серіктестіктерде жұмыс істеген ауыл шаруашылығы техникалары, Байқоңыр айлағынан ұшырылған ғарыш кемесінің бөлшегі. Сол сияқты Жезқазған, Балқаш, Жәйрем, Саяқ, Қоңырат, Ақтас, Жезді кеніштерінен жеткізілген үлкен көлемді, құрамы сапалы тау жыныстарының табиғи үлгілері. Мұражайдың ашық аспан астындағы көрмелері арқылы түйе арбадан – космос кемесіне дейінгі, ежелгі тас ошақ, көрік пештен – қазіргі мыс қорыту зауытына дейінгі мыңжылдықтар тарихымен танысып шығуға мүмкіндік бар.
Мұражай тарихындағы ерекше күн – 1994 ж. 3 қарашадағы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сапары. Елбасы осы сапарында осыдан IY-V мың жыл бұрын өмір сүрген ата-бабалар әдісімен Милықұдық үлгісіндегі пеште балқытылған металдан балға құйып, мұражайға бағалы экспонат қалдырды. Бұл бүгінде аса құнды жәдігерлер топтамасына енгізілген.
Жезді кентіндегі мұражай жалпы аумағы 4 га табиғат ландшафтын құрайтын біртұтас тарихи-мәдени комплекс. Ашық аспан астындағы көрме алаңдарының аумағы 3 га-дан астам, экспозициялық залдар көлемі 916 ш.м құрайды. Мұражайда 2 ғылыми зерттеу – Көпшілік экскурссия және көрме-экспозиция, қор сақтау бөлімдері жұмыс істейді.