Танкетка (Шынжыр табанды бронетранспортер).
Бронетранспортер - пулеметпен қаруланған, кедергілерден өте алатын, жаяу әскерлерді ұрыс болып жатқан аймаққа жеткізетін сауытты машина. Оған 7-15-ке дейін жауынгер сыяды. Бейбіт уақытта орман шаруашылығында, геологиялық барлау жұмыстарында, т.б шаруашылықтарда пайдаланылды.
Кезіндегі Жезді ауданының білім беру саласында қызмет еткен педагог, Қарсақбайдағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры, қазір Жезқазған қаласының тұрғыны Д.Ә.Бірмағанбетовтың берген мәліметтеріне сәйкес аталған техника Қарсақбай өңірінде пайдаланылған. 1970-80 жж. қыс мезгілінде алыс елді мекендерде электр желілерінде ақау шыққанда ЖРЭК қызметкерлеріне жол талғамайтын көлік қызметін атқарған. Бронетранспортер 1989 жылы есептен шығарылып № 3 орта мектептің алғашқы әскери даярлық пәнінде оқу-жаттығу техникасы ретінде пайдалану үшін берілген. Музей директоры М.Төрегелдиннің өтінішімен мектеп ұстаздары музейге сыйға тартқан. Музей қорына тапсырған № 3 орта мектеп оқытушысы Н.С.Князев.
ХХ ғ. ортасы.
Материалы: темір.
Салмағы: 8 т.
Өлшемдері: 390х250х160 см.
Жер асты автосамосвалы МоАЗ.
Кен тасымалдайтын транспорт. Могилевск автозаводы.1985ж.
m-41,5т. h-2,4м, ұз-8м, ені-2,7м.
1935 жылы Могилевск автомобиль заводының іргесі қаланды.
МоАЗ – тау жыныстарын тасымалдауға арналған, жер астында жұмыс істейтін автопоезд. Жезқазған кенішінің №57 шахтасынан әкелінген. Жүк көтергіштігі 22 тн, сыйымдылығы 12,5 м3, бос күйінде жылдамдығы 40 км/сағ.
Жерасты автосамосвалының ерекшелігі шағын болғандықтан тар забойларда қозғалу, маневр жасау мүмкіндігіне ие. Сондықтан жерасты жұмыстарында кеңінен қолданылады.
1989 жылы Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатының бас инженері В.И.Шмаков музей қорына тапсырған.
ТІК ЖОНҒЫШ ӘМБЕБАП СТАНОК
«Hy dranlic» АҚШ-та 1913-1917ж.ж. шығарылған.
Тік жонғыш әмбебап станоктар негізгі түйіндері: станина, бұрылмалы бастиек, консоль, жылдамдық қорабы. Станина станоктың барлық топтары мен механизмдерін бекіту қызметін атқарады. Бұрылмалы бас тиегі станинаның аузына бекітіледі және тік жазықтықта 0 ден 45 градусқа дейін екі жаққа бұрыла алады.
ТЕЖЕГІШ ЛЕБЕДКА
Жүкті жер астына түсіру және көтеру үшін қолданылған механизм. Байқоңыр кеніші. ХХғ. басы. Салмағы – 85 кг,темірден жасалған.
Ағылшын кәсіпкерлерінің алғашқы есебі бойынша мыс өндірісінің жоспарланған жобасын жүзеге асыру үшін жылына кем дегенде 52 мың т көмір отыны қажет болды. Сондықтан 1911 ж. бастап Байқоңыр шахталарында көмір өндіру ісі жедел қолға алынды. Тежегіш лебедкалар өте тар көмір шахталарына қажетті жүктер мен жабдықтарды түсіру және көтеру үшін қолданылған.
ЖҮК ТАРТҚЫШ
Тежегіші ағаштан жасалған. Жүкті түсіру мен көтеру үшін қолданылған. Қорғасын кеніші. 1914-18 ж.ж.
Қорғасын кеніші ежелгі дәуірлерден белгілі кен орны. Жергілікті қазақтар осы жердің галенитін қарапайым жолмен өндіріп, оқ-дәрі жасаған. Троицк, Орынбор базарларына қорытылған қорғасын кесектерін апарып қажетті тауарларына айырбастап отырған. Завод іргесі 1915 ж. қаланды. 1919 ж. дейін жұмыс істеп, кейін национализацияланды. Жүк тартқыш осы алғашқы заводта қолданылған техника түрі.
САУСАҚ ТИПТЕС СҮЙРЕТКІ
Сүйреткі - кен жинақтаушы құрал. Жинақтаушы бөліктері тойтарып шегелеу арқылы негізгі бөлікке бекітілген. Материалы - шойын, салмағы-1500 кг.
ХХ ғ. басында орыс көпестері Сурин мен Железнов Дәбей атты жерде (Ұлытау ауданының Шеңбер ауылы) кеніш ашып, күміс-қорғасын рудасын өндірді. Құрамында 0,25 пайыз күміс бар кенді игеру үшін завод салынды. 1914–18 ж.ж. Қорғасын кенішінде саусақ типтес сүйреткі қолданылды.
1994 жылы 3 қарашада Елбасы Н.Назарбаев музейде болған сапарында саусақ типтес сүйреткіге ерекше мән берді.
ДИНАМОМАШИНА
Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің ашық аспан астындағы экспозициясындағы тау-кен техникасы.
ДИНАМОМАШИНА. Динамомашинаны ХХ ғасырдың басында Байқоңыр көмір кенішіне ағылшындар Ұлыбританиядан әкеліп, электр қуатын өндіруге пайдаланған.
Динамомашина – электрлі генератордың ескі атауы. Ол механикалық энергияны электрлік энергияға түрлендіру қызметін атқарады.
Ол үш бөліктен тұрады:
1.Мыс катушкалары бар корпус
2.Айналмалы доңғалақ (маховик)
3.Турбиндік қондырғының фрагменті
Экспонаттың негізгі материалы – шойын. 1909 жылы Лондонда жасап шығарылған.
Электр қуатын өндіретін техника музейдің ашық аспан астындағы алаңына 1991 қойылды.
Дрезина
Қол күшімен қозғалатын, шағын қашықтыққа адам, жүк тасымалдауға арналған теміржол көлігі.
Дрезина-қолдың көмегімен қозғалатын арба. Темір жолды бақылау қызметінде пайдаланылады. Дрезина атауы өнертапқыш, орманшы Карл Дрездің құрметіне аталған. Ол 1817 жылы өзінің қажеттілігі үшін қазіргі велосипедтің қарапайым түрі – екі дөңгелекті экипаж, яғни самокат ойлап тапқан. 1839 жылдан бастап темір жолдарға енгізілді. Қол күшімен жүретін дрезинаның артықшылығы – қажет жағдайда шойын жолдан жедел шығып кетуге мүмкіндік беретіндігі. Сол сияқты темір жол жөндеушілер үшін және шағын қол жүктерін тасымалдау үшін де ыңғайлы. Бұл қарапайым транспорт түрі қазіргі теміржол саласында қолданылмайды.
Материалы: темір, шойын
Өлшемі: 90х1,70 см
2000 ж. Қарсақбай к. тұрғыны Н.С.Князев сыйға берген.