2026 жылдың 24 қыркүйегінде Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақ ғылымы мен индустриясының тарихына арналған кешенді көрме ашылып, дөңгелек үстел отырысы өтті.
Биыл Ұлытау аймағының тарихында бірнеше мерейлі даталар тұспа-тұс келіп отыр: Қазақ ғылымының атасы Қ.И.Сәтбаевтың Жезқазған-Ұлытау аймағында еңбек жолын бастағанына 100 жыл, Қазақстан ҰҒА құрылғанына 80 жыл, ал Ғылым академиясының Жезқазғандағы тарихи сессиясына 65 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымдастырылған ауқымды рухани басқосу мазмұнды дөңгелек үстел жиынымен басталып, арнайы кешенді көрменің ашылуымен жалғасты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары А.Қайырбек, аудандық мәслихат хатшысы А.Құрмансейіт, «Қ.Сәтбаев жүрген жолдармен» Жосалы-2026 экспедициясының мүшесі Ә.Азнабай, Қарсақбай металлургия заводының ардагері Д.Бәрекенов, Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Р.Таханұлы және Жезді музейінің басшысы А.Рахмания сөз сөйлеп, өзекті ойлармен бөлісті. Қатысушылар ұлы ғұламаның өмір жолы мен Ұлытау-Жезқазған өңірінің қазақ ғылымының қарашаңырағына айналған кезеңдерін тебірене еске алып, өңір тарихын насихаттаудың маңызын атап өтті.
Дөңгелек үстелден кейін қонақтар Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі мен Қарсақбайдағы академик Қ.И.Сәтбаев Музей-Үйі қорынан әкелінген 120-дан астам бірегей жәдігер қойылған кешенді көрмемен танысты.
Көрме келесі бағыттар бойынша ұсынылды:
«Қ.И.Сәтбаев. Қазақ ғылымының бастауында» – Қазақ ғылымының іргетасы қаланған Қарсақбайдағы тарихи шаңырақ пен 1929–1940 жылдардағы Жезқазған геологиясының сирек құжаттары.
«Қ.И.Сәтбаев және Үлкен Жезқазған» – Мысты өлкенің зерттелу тарихынан сыр шертетін саяхатшы Н.П.Рычковтың 1771 жылғы күнделік жазбалары, «Спасск», «Атбасар» акционерлік қоғамдарының материалдары және ғалымның «Үлкен Жезқазған» идеясының шындыққа айналу кезеңдері.
«Геолог ғалым М.Қ.Сәтбаеваның туғанына – 95 жыл» – Қаныш Сәтбаевтың ізбасар шәкірті, геология саласында іргелі зерттеулер жасаған Мейіз Қанышқызының өмірі мен қызметіне қатысты фотодеректер және жеке заттары.
«Геолог қосынының бір күні» – Қ.Сәтбаев басқарған геологтар ұжымының бір күнгі тіршілігін шынайы көрсететін музейлік инсталляция көпшіліктің назарын ерекше аударды.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/243-ylym-men-tarikhty-ly-ta-an-mazm-ndy-d-gelek-stel.html#sigFreeId939ba85505











