Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді музейі 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай дәстүрлі «Ашық есік күнін» өткізді. Музей мерекесі аясында ашық аспан астындағы экскурсия аймақтарында келушілерге арналған интерактивтік алаңдар ұйымдастырылып, дәстүрлі эко-этноэкскурсиялар ұсынылды. Ашық есік күні ардагер ұрпақтан аманатқа қалған – ақ қайыңдар аллеясынан басталды. Музейдің ғылыми-іздестіру жұмыстарының биылғы жылғы өзекті тақырыбы - «Қаныш Сәтбаев және Үлкен Жезқазған». Ашық аспан астындағы саяхаттың алғашқы аялдамасы осы тақырыпқа арналды.
2026 жылы ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың еңбек жолын бастағанына 100 жыл толуына орай №6 тірек мектебі (РО) КММ-нің 8–10-сынып оқушылары «Қ.И.Сәтбаев. Қазақ ғылымының бастауларында» тақырыбында театрландырылған экскурсияға қатысты. Сахналық көріністе Ұлытау–Жезқазған өңірінің табиғи байлығын игеру, түсті металлургия өндірісінің қалыптасуы және Қарсақбай мен Жезқазғанның өркендеу тарихындағы Қаныш Имантайұлының өлшеусіз еңбегі көрініс тапты. Әсіресе, қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геологтың «Атбасартүстіметалл» тресіне қызметке келуі мен Жезді марганец кенішін ашудағы тарихи ерлігі әсерлі бейнеленді.
«Жаз жайлауға көшкенде» интерактивті экскурсия алаңында қазақ халқының жазғы көші-қон дәстүрі кеңінен таныстырылды. Жайлау – төрт түлікке шүйгін өріс қана емес, ауыл мен ауыл араласып, ойдағы ел қырдағы елмен бас қосып, ерулік беріп, құдалық өткізіп, бие байлап, күш-қуат жинайтын маңызды маусымы екені экскурсия барысында кеңінен насихатталды. Ұлытаудың көк шалғынды, саумал бұлақты бөктері қазақтың нағыз саржайлауы ретінде дәріптелді. Ерулеп келген ауылды жаңа қонған ауылдың бәйбішесі ақпен қарсы алды. Келушілер жайлауға қонған ауыл тіршілігімен, шаруашылық ғұрыптарымен және ұлттық салт-дәстүрлермен танысты. Ертеректе көштің негізгі көлігі болған шаңырақ артқан түйелер тізбегі, киіз үй сүйектері мен жабдықтары тиелген арбалар көрінісі сахналанды. Көш – киіз туырлықты халықтың ерекше мәдени-әлеуметтік кеңістігі. Жердің тоңы жібігеннен бастап алғашқы қар жауғанша толастамайтын осынау тіршілік үрдісіне ұлттың болмысы, дүниетанымы, табиғатпен үндескен әдет, салттары қалыптасты.
Интерактивті алаңда қырықтықшылар қой қырқу өнерінің қыр-сырымен таныстырды. Еңбекке толы көріністердің бірі – жүн сабау рәсімі болды. Көктемде немесе күзде қойдың жүні қырқылғаннан кейін, әйелдер жиналып, жүнді тазалап, үлпілдетіп сабайды. Бұл – киіз, текемет, сырмақ, киім-кешек, сан алуан тұрмыстық бұйымдар жасаудың алғашқы кезеңі. Қонақтар ауыл аналарының жүн сабау дәстүріне куә болды. Сонымен қатар, ауылдағы тұрмыс-тіршіліктің көрінісі ретінде диірмен тарту, күбі ыстау, құрт қайнату, құрт пен ірімшік дайындау тәсілдері көрсетілді. Келушілер ұлттық тағамдардың қасиеті мен оны дайындаудың ерекшеліктері туралы мол мағлұмат алды.
Экскурсия барысында музей қызметкерлері келушілерді көшпелі өмірдегі ұстахана тіршілігімен таныстырып, «дүкен майлау» дәстүрін көрсетті. Ұста дүкенінің жұмысы, теміршілік өнері мен қазақ халқының қолөнер мәдениеті туралы мазмұнды мәліметтер берілді.
Музейлік мерекенің арнайы қонағы аңыз адам, әлемді жаяу аралап жүрген жиханкез, ұсталық өнерді жаңғыртушы шебер Сәрсенбай Оспанұлы далалық ұстаханада интерактивті экскурсия өткізді. Экскурсия барысында шебердің өзі көшпенділер өркениетінің құпияларын, қазақ ұсталарының дәстүрін және дала шеберханасының тарихын әңгімеледі. Көпшілік шебермен еркін сұхбат құрып, шеберлік дәрістеріне қатысуға мүмкіндік алды.