31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Ұлы нәубет жылдары... Қазақ халқы үшін жойылудың аз-ақ алдында тұрған қасіретті жылдар. Ұлттың қаймағын қырғынға ұшыратқан зұлмат саясат. Төрт түлігін өргізіп, ұлы далада еркін көшіп-қонған халыққа қолдан жасалған жұт әкелген ауыр заман. Бұл қасірет ешқашан ұмытылмауы тиіс.
Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді музейінің ұжымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тілеген Башарұлы және кент имамы М.Жақыпбекпен бірге Ақтастыбұлақ басына барды. 1930 жылдары Торғай өңірінен көшіп келген ағайынның мәңгілік мекеніне айналған қорымда Құран бағыштады. Қатысушылар ашаршылық құрбандарын еске алып, зират маңын тазалап, ретке келтірді. Бүгінде Жездіге қарай бет алған әрбір жолаушы тас жол бойындағы осы қорымға дұға бағыштап өтеді. Бұл – халық жадында сақталған тағзым дәстүрі.
Туған жер тарихында бұл нәубеттің ізі сайрап жатыр. Қызылшың етегінде Жездіге қоныстандырылған шешен азаматтардың зираты да сақталған. Тарихы ортақ, тағдыры бір халықтар ұлты мен дініне қарамастан осы күні боздақтарды еске алып, құран бағыштады.
Еліміз енді ешқашан мұндай нәубет көрмесін. Құрбан болған барлық боздақтардың рухы жарқын болсын!
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/241-sayasi-u-yn-s-rgin-zh-ne-asharshyly-rbandaryn-eske-alu-k-ni.html#sigFreeIdb1aaebd6df











