2026 жылдың 8 мамыр күні Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» тақырыбында дәстүрлі ұрпақтар кездесуі өтті өтті. Кездесу «Жеңіс рухы» айлығы шеңберінде ұйымдастырылды.

Кездесуге кент әкімі, еңбек ардагерлері, Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Кент имамы М. Жақыпбек 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан майдангерлер мен тыл ардагерлерінің рухына құран бағыштады. Жиналған қауымды Жезді кентінің әкімі Мұратбек Досымбекұлы құттықтап, тыл ардагері О.Мырзабаеваға «Ұлытау ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Сонымен қатар, ел дамуына қосқан қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында музей басшысы Айболат Рахмания, еңбек ардагері Қадыр Құлахметов, ардагерлер ұрпақтары атынан Рүстем Төрегелдин, Қазалы Аймағамбетов, Базаркүл Тыныштықбайқызы және Айнаш Хамиоллақызы сөз сөйледі. Музей ардагері Мұхит Уатаев қонақтарға арнап ән шырқап, ақжарма тілегін жеткізді.

Жиынға қатысушы қонақтар дәстүрге сай ардагерлерден аманат болған қайыңдарды суару үшін аллеяға өтті. Іс-шара соңында музей қорындағы соғыс және тыл ардагерлерінің «Біздің батыр жерлестер», «Батырлығы мен ерлігі үшін» тақырыптық көрмесімен танысты. Көрмеге жалпы 350 ден астам жәдігер қойылды.