28 қаңтар күні Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Қоғам және мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлытау, Жезді аудандары мен Түркістан қаласының Құрметті азаматы Мәкен Төрегелдиннің өнегелі өмір жолына арналған «Ғибратты ғұмыр» такырыбында еске алу кеші өтті.

Іс-шара Мәкен Төрегелдиннің өмірі мен қызметінен сыр шерткен «Тарихқа табан тіреген тарлан» бейнефильмімен ашылды. Алғашқы сөзді Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Еренғайыпұлы Табылдин сөйледі. Артына өшпес мұра қалдырған дара тұлғаның мол мұрасын насихаттау үшін Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенұлы, «Қазақтың Кетұбасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров сөз алды. Кездесуде Ұлытау облыстық қорғаныс істер департаменті басшысының орынбасары Е.Өткелбаев, Сәтбаев қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Ахметов, майдангер ұрпақтары атынан Рүстем Мәкенұлы Төрегелдин, шәкірті, еңбек ардагері Ф.Әжібеков және Ұлытау ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Әбдірайымов, жас ұрпақ атынан С. Тембаев Мəкен ағаның кісілік болмысын, адами қасиетін, іскерлік қабілетін əр қырынан жан-жақты əңгімеледі.

Кеш барысында ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияның әншісі Ғ.Мұхамедин Мәкен Төрегелдиннің сүйіп тыңдайтын әні – «Жас қазақты» шырқады. «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы» орталығының «Teatrall» үйірмесінің шәкірттері ардагер атамызға арналған арнауларын оқыды. Жезді музейі және отбасының жеке қорынан дайындалған «М.Төрегелдин.Менің парызым» жылжымалы көрме кешке қатысушыларға таныстырылды. Көрмеге музей қорынан 54 жәдігер қойылды.