М.Төрегелдин атындағы Жезді музейі Ұлытау - Жезқазған аймағындағы мектептермен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Бүгінде мектеп музейлерінің өлкетану сабақтарын бірлесіп жоспарлаудан бастап, мектептерде сабақтар өткізу, оқушылардың зерттеу жұмыстарына әдістемелік көмек жасау, кіріктірілген сабақтар, виртуалды саяхаттар ұйымдастыру жобалары жүзеге асырылып отыр.
Қыркүйектің 12 -сі күні Мәкен Төрегелдин атындағы тау—кен және балқыту ісі тарихы музейі мен «Қ.Сәтбаев атындағы ЖББМ» КММ —нің Қ. Сәтбаев ат. мектеп музейі арасында Ынтымақтастық келісім—шартқа қол қою рәсімі өтті. Келісім-шарт мақсаты — тарихи-мәдени мұраларды насихаттау аясында тығыз ынтымақтастық орнату. Мектеп оқушыларының тарих, археология, этнография және мәдениеттану, тұлғатану бағытындағы білімдерін тереңдетуге, зерттеушілік және шығармашылық әлеуетін дамытуға, мектеп музейінің жұмысын жетілдіруге бағытталған.
Ынтымақтастық аясында тараптар арасында ұлттық құндылықтарды, тарихи ескерткіштерді танытуға бағытталған бірлескен жобалар мен іс-шаралар, интерактивті музейлік сабақтар, көрме—лекциялар, экскурсиялар жоспарланып отыр. Музей ағымдағы оқу жылында оқушылардың зерттеу жұмысына ғылыми-әдістемелік көмек көрсетіп, музейтану бойынша түрлі сұрақтарға жауап алуға көмектеседі.
Шара барысында аталған мектептің ұстаздары мен оқушылары академик Қ.Сәтбаевтың ескерткіші алдында ұлт тұлғасына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Арнайы сапармен келген құрметті қонақтарға тақырыптық экскурсия ұйымдастырылып, музей экспозициялары таныстырылды.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/233-bilim-beru-mekemelerimen-yntyma-tasty.html#sigFreeId9f1751e4cf