Республика күніне арналған іс - шаралар шеңберінде Мәкен Төрегелдин атындағы музейде «Мен жанбасам лапылдап...» тақырыбында қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі атанған қоғам қайраткерлері, ақын, жазушы, публицист тұлғалар І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған өлең оқу сағаты өтті.
Ұрпаққа ғибратты да мәнді туындыларды мирас еткен «Үш арыстың» шығармашылығына арналған іс - шараға музей жанашыры Ш. Үмбетов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Рақымбеков, Ұлытау аудандық маслихат депутаты А. Смағұлов және кенттің жастар ұйымы, ұстаздар, жоғары сынып оқушылары қатысты. Іс - шара барысында музей басшысы З. Қазанбаева ардагерлер аллеясында қарағай көшеттерінің отырғызу тарихын баяндады. Музей жанашырлары Ш.Үмбетов пен Т. Рақымбеков жастарға рух беретін ұлағатты адамдардың өмірі мен шығармашылық жолы жайында тағылымды әңгіме өрбітті.
Кездесуде ақындардың ауыр тағдырын баян ететін мағлұматтардан бейнелекция көрсетілді. Жезді кенті мектебінің оқушылары қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан ұлы тұлғалардың шығармаларынан үзінділер оқыды. Көпшілік назарына «Үш бәйтеректің» шығармалар жинағы және де алаш арыстарының өмірінен сыр шертетін Жезді кенті кітапханасымен бірлескен кітап көрмесі ұсынылды.
Кездесу соңында үш бәйтеректің өлеңдерін оқыған оқушыларға Алғыс хаттар тапсырылды. Музей ардагері М. Уатаев жиналған жұртшылықты ұлттық мерекемен құттықтап, туған жерге деген сезімді оятатын «Атамекен» әнін орындады. Аталған іс - шара оқушыларды шабыттандырып, болашаққа бағдарларын нақтылай түсуге септігін тигізді деп сенеміз.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/216-men-zhanbasam-lapyldap-muzejlik-kezdesu-sa-aty-2.html#sigFreeId478bf71fb3