18 мамыр Халықаралық музейлер күніне орай М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінде дәстүрлі «Ашық есік күні» өтті. Музей мерекесінде ашық аспан астындағы экскурсия аймақтарында келушілерді көп қызықтыратын дәстүрлі эко-этноэкскурсиялар үшін интерактивтік алаңдар жұмыс істеді.
Солардың бірі жазғы көші қонды бейнелейтін интерактивті «Жаз жайлауға көшкенде» экскурсия алаңы. Мұнда, әрине, барлығы ел жайлауға қонған күндердің тіршілігі, шаруашылық ғұрыптары мен дәстүріне қатысты болды.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге,
Рахметіне Алланың көңілің сенер...
Ұлы Абай жырлаған жазғытұрым маусымның соңғы онкүндігі. 18 мамыр-Халықаралық музейлер күні. Мал семіріп, ақ көбейіп, төрт түліктің аузы көкке ілініп, бота, құлын, қозы, лақ қаратұяқтанып асыр салатын шақ. Барлық тіршілігі табиғаттың аясында, жер-ананың кіндігіне байланған қазақ ауылдары жайлауға көшетін, абыр-сабыр еңбек мерекесі. Қазақ ауылдарының жайлауға көшуі – тұнып тұрған философия, ең бастысы – қоршаған орта, табиғатпен үйлесімді өмір сүру, экологиялық мәдениет үлгісі. Мұндайда басты ұстаным-көшке ілесе алмай, жұртта қалып қоймаудың қарекетін жасау. Ендеше, көш көлікті болсын.
Жас суретшілердің шеберлігін шыңдап шығармашылық тудыру, оқушылардың музей жұмысына қызығушылығын ояту мақсатында ұстаздар мен музей ардагерінің қатысуымен «Менің туған ауылым. Жезді кентіне-80 жыл» тақырыбында жас суретшілер пленэрі өткізілді. Пленэрге Сәтбаев қаласы, Қарсақбай кенті мен Жезді мектебі оқушылары қатысты. Жезді музейі жанындағы «Мұрагер» жас тарихшылар клубы оқушыларының қатысуымен көне дәуірге саяхат сахналанды. Оқушылар «Қыз Жібек» және «Едіге батыр» жырларынан үзінді оқыды. Музей қонақтары «Ежелгі технология. Шеген құдық» жаңа экспозицияның таныстырылымын тамашалап қана қоймай музей қонақтары ауыл тұрмысын еске алып, таныстырылымға өздері қатысты.
Өлке тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлға академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай музейлік көрме инсталляцияның бірі ғалымның Қарсақбайда геологиялық қызметті ұйымдастыру кезеңін бейнеледі. Болашақ академик Қазақстандағы тұңғыш геологиялық мекемені Қарсақбайда ұйымдастырды. Геолог палатакасы алдында отырып Ұлытау өңірінің табиғи және кен байлығы жайлы ұлы ғалымның ойларын сахналаған қарсақбайлық ұстаз, ізденімпаз азамат әрі музей жанашырына ризалығымызды білдіреміз. Музейлік мерекені жандандыруға үлес қосқан музей ардагерлері, ауыл тұрғындары мен ұстаздардың еңбектеріне толағай табыс тілейміз. Музейдің әлеуметтік жобалары жезділіктер жүрегіне жол тауып, жыл сайын музей мерекесінде кездесуге асығатын жерлестерімізге алғыс білдіреміз.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/207-ashy-esik-k-ni-muzej-merek.html#sigFreeId0017807bc7