2024 жылғы 14 қазан күні Сәтбаев қаласының Ш.Ділдебеаев атындағы Кенішілер сарайының музейінде ұлы тұлға академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай үстіміздегі жылдың маусым айында Сәтбаев қаласы әкімдігі мен мәдениет бөлімінің қолдауымен Қарсақбай - Баянауыл бағытында өткен экспедиция жұмысы қортындыланды. Экспедицияға аймақтың танымал азаматтары, өнер майталмандары, журналистер мен Ұлытау телеарнасы өкілдері, музей мамандары қатысты.
Баян ауласын қиып, 27 жаста Жосалыдан шыққан керуенмен Қарсақбайға келген болашақ ғалымның өмірінде бұл өлке - Ұлытау - Жезқазған өңірінің алар орны ерекше. Қарашаңырақтан академияға қадам басқан киелі мекенін ғалым ешқашан ұмытқан емес. 1941 жылы Алматыға қоныс аударып кетсе де Қаныш Сәтбаев Жезқазған мен Қарсақбай тағдырын әрқашан назарында ұстады. Біздің өлкеде ұлы ғалымды осында туған деп санайды. Сәтбаев десек Жезқазған, Жезқазған дегенде алдымен Қаныш Сәтбаев есімі аталатын содан болар. Ұлы ғалым есімімен аталған қала да біздің өңірде. Алдағы жылы кеншілер қаласына академик есімі берілгеніне 35 жыл болады.
Экспедиция мақсаты ұлы тұлғаның туған жері мен еңбек етіп ғылым биігіне қадам басқан жерді көзбен көріп, тарихын дәріптеу, оның тұлғаларын ұлықтау. Баянауылдай киелі мекеннен шыққан ғалымдар мен академиктер өлкесіне тағзым етіп, ел мен елдің арасына көпір болу. Академиктер елінің тарихи мұрасын танып, елдің жетістігіне, қонақжайлығына тәнті болған кеншілер елінің азаматтары сапардағы сәттерін еске алды. Экспедиция қортындысы жайлы «Ұлытау» телеарнасының деректі фильмі шығарылды. Кездесуге қатысушыларға экспедиция жайлы дайындалған көрме және Мәкен Төрегелдин музейі мен Қарсақбайдағы академик Қ.Сәтбаев Музей - үйінің сирек қорынанан «Академик Қ.Сәтбаев. Ізденіс жолында» жылжымалы көрмесі ұсынылды. Іс - шараға Сәтбаев қаласы кітапханалары ғалым еңбектері мен өмірі жайлы дерекнамалық сирек кітаптар көрмесімен қатысты.