«Бұланты экспедициясы: зерттеулер мен нәтижелер» тақырыбында М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінде Жезқазған қ. Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейдің  тақырыптық көрмесін мектеп оқушыларына таныстыру жалғасуда.

 

2024 жылғы қаңтардың 22-31 күндері  Жезді кентіндегі  №6 Тірек мектебі (РО) мен мектеп интернатының 5-10 сыныптар үшін тақырыптық көрмемен таныстыру және «Бұланты батырлары» тақырыптық лекциялары өтті.

 

1723 жыл қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды» атанған қасіретті жылдар басталған кезең. Қазақтардың шығыс және түстік аймақтарын басып алған Жоңғар басқыншылары халықты қырғынға ұшыратып, мал түгілі бас қайға болған  шақта, ел бас сауғалап, босып кетуге мәжбүр болды.

1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Білеуті өз.жағасындағы Бұланты жазығында қазақ жасақтары бірігіп, жоңғар басқыншыларына қарсы шайқаста жеңіске жетіп, жоңғарларды Ұлытауға жеткізбей тоқтатты.  Шайқас өткен жер «Қалмаққырылған» атанды.

 

Бұланты шайқасы өткен жерлерге 2019-2020 ж.ж. Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қ.Еңсеновтің басшылығымен Жезді музейі, Қ.Сәтбаев ат.Жезқазған тарихи-өндірістік музейі мамандары, өлкетанушылардың қатысуымен экспедициялар ұйымдастырылды.  Музейлік көрмеге сол экспедиция материалдары негіз болды. Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей қорынан көрмеге шайқас панорамасын бейнелеген майлы бояулы картина, көркем мүсіндермен жасалған шайқас диормасы, батырлар портреттері мен батырлар қаруларының үлгілері қойылды.

 

Ғалымдар Бұланты шайқасы жайлы жазба мәліметтердің аздығын, көбіне ауыз әдебиеті деректерінде кездесетінін айтады. Өткен ғасырдың нәубетінде құрбан болған ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының «Сартай батыр» дастаны көрме лекцияға арқау болды. Әбілқайырдың қол астына үш жүзден ағылып келіп қосылып жатқан қазақ жасақтарын бастап келген қолбасшылар, батырлар мен   жыраулар, бақсылар жайлы жырлаған дастанның әр жолында Отан үшін күрескен ерлердің бейнесін көруге болады. Жеткіншектер дастаннан үзінді жаттап, жыр жолдарына талдау жасау арқылы оқушыларға шайқасқа қатысқан қазақ батырлары, олардың қай елден, өлкеден келгені жайлы мәліметтерді жеткіздік.  Сартай - Байжан бидің ұлы. Әкесінен бата алып, соңына өзі құралпы жеткіншектерді ертіп, Әбілқайырдың қолына қосылуға аттанды. Лекция барысында Сартай бастаған мың бала жасағы жайлы түсірілген көркем фильмнің фрагменті көрсетілді. Жас өрендер тұлпарларын тізгіндеп, жері үшін ақтық майданға түсіп, жан алып жан беріскен сәттер бейнеленен фильм үзіндісі  жеткіншектерді рухтандырды. Жас жауынгердің ақтық демі үзілген сәтте мұңайған балалар, жау туының құлаған сәтін зор құрметпен қабылдап орындарынан көтеріліп, жауынгердің ерлігін мойындап қол соқты.

 

Лекция барысында оқушыларға шайқас өткен орын, ел ішінде Қалмаққырылған аталатын жер, Бұланты бойындағы Қарасүйір жотасы, жауынгерлер жерленген орын жайлы ғалымның сұхбаты ұсынылды. Жерлеу орындары - қорымдарды зерттеуде кездесетін қазақ руларының таңбасы бар тас белгілер, әсіресе, экспедицияның құнды дерегі - Тұмар тас жайлы баяндалды. Бұл белгілер сол жерде шайқас өткенін, қазақ сарбаздарын жерлеген орын екенін дәлелдейді. «Бұланты шайқасы» ескерткіші жайлы деректі фильм арқылы тарихи орынға виртуалды саяхат жасалды. Көрмеде оқушылар жоңғар шапқынышылығына қарсы күрескен батырлар жайлы кітап көрмесі және өлкетанушылардың зерттеулерімен  танысып, батырлар қаруларының үлгілерін тамашалады. Бүгінде осы өлкені мекен еткен қазақ рулары сол шайқасқа қатысқан батырлар есімдері екеніне көз жеткізген  жасөспірімдердің сұрақтары аз болмады. Бұл келешек  ізденістерге жол ашады деп сенеміз.