XX ғасырда археологиядағы ең жарқын әлемдік ашылуларының бірі - Есік обасындағы «Алтын адам» болды. Сақ дәуірінің ханзадасы, қазақ даласының Тутанхомоны атанған Есік Алтын адамын әлемге танытқан археолог - ғалым, академик Кемел Акишевтың туғанына биыл 100 жыл толды.
М. Төрегелдин атындағы Жезді музейінде Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік нышаны - Алтын адам. Кемел Акишевтың туғанына 100 жыл» тақырыптық дәріс өтті. Музейлік сабаққа Жезді № 6 ТМ (РО) 5 сынып оқушылары қатысты. Ұлы даланың жеті қырының бірінде Қазақ даласы ежелден металлургия орталығы деп атап айтылды. Б.з.д. III - II мыңжылдықтардан бастап ОҚ Ұлытау -Жезқазған өңірінде мыс өндірісі дамыды. Қола дәуірі мәдениетінің басты жетістігі мыс өндіру технологиясы жайлы деректер мектеп оқушыларына музейлік сабақтарда айтылады. 5 сыныптар тарих сабағында музейдің ашық аспан астындағы Милықұдық көне металлургиялық қонысы үлгісінде ата - баба әдісімен кенді өңдеу мен металл қорыту әдісін көреді. Сол тақырыптардың жалғасы ретінде сақ дәуірі мәдениеті, аң стилімен танысқан оқушылар алтын адамның зерттелу тарихы жайлы тақырыпты толықтыру үшін музейге келді.
Қазақ археологиясында қалған жарқын тұлғаның бірі Кемел Акишевтің өткен ғасырда жасаған тарихи ашылымы Алтын адам да ежелгі металлургияны меңгерген қазақ даласын мекен еткен тайпалардың үздік технологияларының дәлелі. Есік обасынан табылған бекзада бейнесі Тәуелсіз Қазақстанның басты символы, ежелгі елдің жаңа дәуірінің нышанына айналды. Тәуелсіздік монументімен жан - жақты танысқан оқушыларға академик К. Акишев жайлы әңгімеленді. Ғалымның өмірінің бір кезеңі Қарсақбаймен байланысты. Ұлы ғалым, нағашысы Қаныш Сәтбаевтай геология маманы болуды мақсат еткен болашақ академик майдан даласында алған жарақаты салдарынан ол арманынан бас тартты. Дегенмен, өткеннің ізін зерделеп, жер қойнауына көмілген тарихымызды әлемге паш етті.
Бүгінде астанада ҚР Ұлттық музейінде ғалымның аудиториясы жұмыс істейді, сол аудиторияда Есік қорғанына табылған Алтын адамның қалпына келтірілген алғашқы нұсқасының бірі қойылған. К.Акишев бас қала маңынан тапқан ортағасырлық Бозоқ қаласын музейлендіру қолға алынды. ЕҰУ базасында ғалымның кабинет музейі өзі ұйымдастырған тарих кафедрасында ашылды. Ал, қазақ ғалымдары, зерттеуші археологтар ежелден металлургияның отаны болған қазақ даласының әр қиырынан киімі мен қаруы алтынмен апталған ханзадалар жерленген «патша» қорымдарын ашты. Алтын адамдар шеруі әлемге танылуда. Б.з.д. VIII ғасырдан басталатын көне дәуір жәдігерлері сақ қорымдарынан табылды. Теңдессіз технологияларды меңгерген шеберлердің бұйымдары біздің дала төсін мекендеген тайпалардың жетістіктері деп мақтан етеміз. Жас жеткіншекке ұлы даланың мұраларын таныстыруда музейлік ізденістер жалғаса береді.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/218-t-uelsizdik-nyshany-altyn-adam-k-akishevty-tu-anyna-100-zhyl.html#sigFreeIdd22bbc8be9