2023 жылғы 13-14 шілде күндері Қазақстанда музей ісін дамытуға ерекше үлес қосқан тұлға, тау-кен және металл қорыту өнеріне арналған музейдің іргесін қалаған қайраткер Мәкен Төрегелдиннің туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұлытау – мысты өлке: зерттеу, музейлендіру мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Ұлытау облысының орталығында өткен жиынға Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғалымдары, археологтар, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі, Алматы облысы «Есік» мемлекеттік музей-қорығы, «Ұлытау» ұлттық қорық музейінен арнайы өкілдер, Қостанай облысы, Торғай өлкесі, Павлодар, Қарағанды облыстары музейлерінің өкілдері, тарихшы ғалымдар қатысты. Конференцияға арнайы шақырумен Ұлттық зерттеу кеңесі Мәдени мұра ғылымдары институтының профессоры, РһD-доктор, археолог Италия, Милан қаласынан Бонора Жан Лука қатысты. Ресейлік антрополог, туризм инструкторы, Ресей географиялық қоғамының мүшесі, Москвадағы көшпелі мәдениет музейінің директоры Константин Валерьевич Куксин бейне байланысқа шығып конференция жұмысына өз пікірін білдірді. Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының Ұлытау облысы аймағында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог ғалымдар, Алматыдан «Ғылым Ордасы» академик Қ.И.Сәтбаев мемориалдық музейінің ғалымдарын Мәдениет қайраткері Базарбай Алтаев өзі бастап келді.
Конференция қатысушылары Ұлытау өңірінің тарихи орындарын аралады. Жошы комплексімен танысып, Алашахан, Домбауыл кесенесінде болды. Конференцияның секциялық отырысында ғалымдар мен музей мамандары Жезді музейінде интерактивті экскурсияларды тамашалады. Музей коллекцияларын таныстыруға этнограф З.Қ.Сұрағанова және 1970-97 ж.ж. марганец кенішінің бас геологы болған Б.Жүгініс атсалысып, құнды деректермен, мазмұнды экскурсия өткізілді.
Итальяндық ғалым Жан Лука Бонора археолог маман ретінде қазақстандағы зерттеулерін жүргізіп, жерлестеріне қазақ елі жайлы ақпаратты танымды деректер таныстырушы. Келешекте екі ел арасында мәдени туристік қарым қатынасты дамыту жолдарын жетілдіру бағытында жоба жасап жүзеге асыруды ұсынды. Аймақ музейлері мамандары өзара ынтымақтастықта атқарылып отырған жұмыстар жайлы сөз етіп, музейаралық байланыстарды одан әрі нығайту, музейдің ғылыми орталық ретінде даму жолдарын республикалық деңгейде қарастыру қажеттігіне тоқталды.
Конференцияға қатысқан музей мамандарына арнайы сертификаттар табысталды.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/188-lytau-mysty-lke-zertteu-muzejlendiru-m-seleleri-khaly-araly-ylymi-t-zhiribelik-konferentsiya.html#sigFreeIdbec319149d