Ұлы Отан соғысының, Сталинград қорғанысының қаһарманы, көрнекті қоғам қайраткері, Жезді, Ұлытау аудандарының, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Жезқазған Университетінің Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жездідегі облыстық тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының ұйымдастырушысы әрі директоры
Мәкен Төрегельдиннің өмірбаяны
М.Төрегельдин Қарсақбай мемлекеттік мыс қорыту зауытындағы Қ.И.Сәтбаев басқарған геологиялық кен барлау кеңсесінде 16 жасынан еңбекке араласып, қазақтың ұлы перзенті Қ.И.Сәтбаевтың тәлім-тәрбиесін көрді. Еріктілер қатарында майданға аттанып, от пен оққа оранған Сталинградтан сонау қарлы Альпі тауларына дейінгі ауыр да каһарлы, жеңісті жорық жолынан өтті. Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерліктері үшін I,II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталып, еліне аман-есен оралды.
Соғыстан кейінгі жылдар қан майданнан кем болған жоқ. Мәкен Төрегельдин мектеп мұғалімінен аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтеріліп, елге сіңірген еңбегіне лайық абыройға бөленді. Ол көзі тірісінің өзінде бірнеше буын ұрпақтар үшін «аңыз адамға» айналған тұлға. Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерін, екі рет Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарын, 18 медаль, соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Тыңға – 50 жыл» мерейтойлық медальдарын, Қазақстан Республикасы инженерлік Академиясының «Қазақстан Республикасындағы инженерлік істі дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісін, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Құрмет белгісін омырауына қадады.
Ол басқарған 16 жылда Жезді ауданы шаруашылық-экономикалық жағынан, мәдени-әлеуметтік ахуалы жөнінен республикадағы алдыңғы қатарлы аудандардың бірі болды. Жезді ауданының ІХ, Х, ХІ бесжылдықтардағы табысты өркендеуі тікелей М.Төрегельдиннің басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасы деп айта аламыз. 1982-86 жылдары Жезді ауданы үш рет Одақтық, республикалық деңгейдегі ең үздік белгі – Ауыспалы Қызыл Тумен марапатталды. Ал он бірінші бесжылдықта аса үздік табыстарға жеткені үшін аудан Қазақ ССР-нің Алтын Құрмет кітабына жазылды.
Еңбек жетістіктерімен қатар рухани салалар дамыды, білікті кадрлардың бірнеше буын өкілдері өсіп жетілді. Шындығына келгенде қазіргі Қарсақбай, Ұлытау, Жезді, Жезқазған аймағында басшы қызмет атқарып жүрген азаматтардың көпшілігі «Біз Төрегельдиннің тәрбиесін көрдік» деп ерекше мақтаныш етеді. Өзіне де, өзгеге де ерекше талап қоя білетін, тұла бойы тың идеялар мен творчестволық еңбектің сарқылмас көзіне айналған жанның өмірі мен қызметі өз алдына зерттеуді қажет етеді.
63 жасқа таянған шағында одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейін М.Төрегельдин өзінің ғұмырлық мақсаты – металлургия ісінің көне дәуірлердегі ошақтарының бірі болған Сарыарқаның тарихын жинақтап музей ұйымдастыру ісін қолға алды. Осыдан 20 жыл бұрын екі пәтерлік тұрғын үй үлгісіндегі қараусыз қалған ғимарат орнында қазіргідей еңсесі биік, айналасын жасыл желек көмкерген музей болады дегенге ешкім сенбес еді. Бірақ Мәкен Төрегельдин табандылығының, қайраткерлігінің, тіпті патриоттығының арқасында тау-кен және балқыту ісі тарихына арналған музейдің негізін қалап, бүгінгі деңгейге жеткізді. Бұл музей мамандардың пікірінше тақырыптық экспозициясы, зерттеу, көрсету объектісі жағынан Қазақстан және Орта Азия мемлекеттеріндегі бірден-бір музей деп есептеледі. Ол кісі музейдің ғылыми тұжырымдамасын да жасады, яғни тақырыптық-экспозициялық жоспардың негізгі авторы. Ғылыми-көпшілік басылымдар мен жинақтарда әр жылдарда 100-ден астам ғылыми-талдамалық мақалалары, еңбектері жарық көрді. Зерттеу мақалалары мен еңбектері Жезқазған университетінің тұрақты жарық көретін жинақтарында, республикалық, облыстық басылымдарда үзбей жарияланып жүр. Жездідегі облыстық тау-кен және балқыту ісі тарихының ұйымдастырылуы, экспозициялық-тақырыптық құрылымы жөніндегі монографиялық еңбегі - «Мәнгілік мұра» (1998ж.), «Вечное наследие» (2003ж.) «Қарағанды полиграфия» баспасынан жарық көрді. Ол бұдан басқа мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген «Кадрлар-алтын қорымыз» (1981ж.), «Мой долг. Менің парызым» (2006ж) кітаптарының авторы.
«Менің барлық жиған–тергенім, күш-қуатым, арман-мақсатым - осы музей» дейтін Мәкен аға көзі тірісінде. Өзі қолымен жасаған асыл қазынасын мәнгілік мұра етіп ұрпағына қалдырып кетті. 1994 жылы 3 қарашада еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Жезқазғанға келген сапарында музейге арнайы келіп, оның тұрған орны мен маңызына жоғары баға берді. Осы сапарында Елбасы көне заманғы Милықұдық мыс балқыту пешінің жұмыс істейтін үлгісінде ата-бабаларымыздың технологиясымен дайындалған қола балқымадан кескіш-балға құйып, өз қолымен музейге тапсырды. Бұл экспонат ұрпақтар тарихы сабақтастығының ескерткіші ретінде музейде мәнгілікке сақтаулы тұр.
М.Төрегельдиннің ерекше қасиеті – жаңашылдығы, кемінде 10-20 жыл ілгері ойлайтын көрегендігі еді. 1998 жылы 27 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» жөнінде арнайы Жарлығы шыққаны белгілі. Осы Жарлықта Жездіден 17 км. жердегі «Басқамыр» ескерткішін (Талдысай елді мекенін), оның іргесіндегі ежелгі дәуірлердің ірі металлургиялық комплексін, қорымдар мен қола дәуірінің қорғандарын зерттеу, сақтау, музейге айналдыру міндеті қойылған. Тікелей Мәкен ағаның араласуы, табандылығы арқасында музей осы маңызды объектінің зерттеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік алды. Республика Мәдениет комитетінде музейдің арнайы іс-шарасы бекітілді. Музейдің ғылыми кеңесі Алматыдағы Британ кеңесімен ынтымақтастық келісім жүргізіп, жұмыс істей бастағанына бес жыл. «Жібек жолы» және Қазақстан-Ұлыбритания қарым-қатынастары жөнінде Британ кеңесі Лондонда, Алматы мен Астанада көрмелер өткізді. Осы көрменің арнайы каталогында біздің музейге екі бет берілді, бес минуттық видеосаяхат фильмі түсірілді. Негізгі экскурсовод Мәкен Төрегельдин. Ағылшын, орыс тіліндегі бұл фильм Британ кеңесінің көрмесімен дүниежүзін шарлады.
Тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі облыстық «Дулығалы» қоғамдық қорының құрылтайшысы. Осы қордың президенті, идеялық жетекшісі М.Төрегельдин тарихи орындарды сақтау, белгілі тұлғалардың есімдерін мәңгілікке қалдыру жолында ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Ол кісінің тікелей инициативасымен А.Имановтың туған жері – Балық Қарасуындағы сардар дүниеге келген үйдің іргесіне 13 метрлік гранит тақталы ескерткіш орнатылды. Белгіні орнатуға Қостанай облысынан арнайы делегация қатысты. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының рухани орталығы – Дулығалы комплексін зерттеу, қалпына келтіру жолында М.Төрегельдин соңғы 15 жыл тынбай ізденді. Ол кісінің бұл тақырыпта жинақтаған материалдары мен айғақтары, зерттеу жұмыстары өз алдына бөлек әңгіме. Дулығалы мешіт-медресесін қалпына келтіру үшін 2008 жылдың бюджетінен мемлекеттік қаржы бөлінетін және ескерткіш аса маңызды тарихи нысан ретінде қорғауға алынатын болды. Бұл – тікелей Мәкен ағаның табандылығының, тарих үшін жасаған еңбегінің нәтижесі.
Құрметті профессор М.Төрегельдиннен қалған мән-мағынасы ерекше, тірі ескерткіш – «Ақ қайыңдар аллеясы» мен «Тәуелсіздік қарағайлары». Ұлы Жеңістің 55-жылдығы құрметіне өзі бас болып Жезді, Ұлытау, Қарсақбай төңірегіндегі көзі тірі ардагерлердің басын қосып, қасиетті Ұлытау баурайынан қайың көшеттерін жеткізіп, музей ауласына 55 түп мәңгілік өмір орнатып кетті. Жыл сайын бұл кіші аллеяда ардагерлер ұрпақтары бас қосып ата тарихты еске алады, ұрпақтар сабақтастығына дәнекер болған Мәкен ағаға мың мәрте алғыс айтады. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына байланысты Көкшетаудан, Абылайхан орда тіккен алаңнан әкелінген қарағай көшеттері де бой көтеріп, елімізбен, жерімізбен, тәуелсіз рухымызбен бірге асқақтап өсіп келеді. М.Төрегельдиннің республика мәдениетіне, оның ішінде музей ісіне, тәуелсіз еліміздің рухани дамуына қосқан азаматтық, қайраткерлік үлесі «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» Құрмет белгісімен марапатталды.
Мәкен Төрегельдиннің еліміздің қадірменді, көреген ақсақалы ретінде атқарған шаруаларының ең бір ғибраттысы – Түркістандағы қасиетті Тайқазанның көшірмесін жасауға инициатор әрі себепкер болуы. Республикадағы түсті металлургия өндірісінің алыбы – Балқаш комбинатында арнайы тапсырыспен барлық тарихи өлшемдері сақтала отырып жасалған Тайқазан көшірмесі 2002 жылы Дүниежүзі қазақтарының ІІ-Құрылтайы қарсаңында Түркістандағы Есімхан алаңына орнатылды. Сарыарқа халқының атынан тарту етілген бұл ғасырлық ескерткішті дайындауға қосқан жеке үлесі үшін М.Төрегельдинге 2004 жылы «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Бүгінде музей Қарсақбай, Ұлытау, Жезқазған аймағындағы, облыстағы белгілі тарихи, рухани-тәрбие орталығына айналып отыр. Тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі алдағы (2002-2012жж.) он жылға арналған даму Концепциясын қабылдап, тарихы тереңде жатқан өлкемізде туристік саяхат жолдарын ашуға, көне дәуірлер мен орта ғасырлар ескерткіштерін зерттеп, қалпына келтіру мәселелеріне белсене араласуда. Музей директоры М.Төрегельдин өзі сызып, құрастырған үш бағыттағы негізгі туристік маршруттар туризм және спорт агенттігі, Мәдениет комитеті мамандары тарапынан қолдау тапты. Осы үш бағыттың түйісетін орталығы – Жездідегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі. Музейде болашақта ашылатын туристік базаның іргетасын М.Төрегельдин өзі қалап кетті. Ол басқарған музейдің қызметіндегі ерекше басым бағыт – жастарға рухани-танымдық, отансүйгіштік тәрбие беру. Осы мақсатта 2000 жылдан бастап Жезқазған университетімен, Жезқазған аймағындағы барлық орта мектептер, кәсіптік білім беретін оқу орындарымен «Ынтымақтастық келісім-шарт» негізінде ғылыми-шығармашылық байланыс орнатылған. М.Төрегельдин университеттің Құрметті профессоры ретінде студенттерге дәріс берді. Жыл сайын музей базасында бірнеше мыңдаған студенттер мен оқушылар тақырыптық лекциялар, саяхат-сабақтарға қатысады.
Жездідегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі – тікелей М.Төрегельдиннің өмірлік творчествосы, жоқтан бар жасағандай ұшан-теңіз еңбегінің жемісі. Осында жинақталған жәдігерлердің бірде-біреуіне үкімет тарапынан арнайы қаржы жұмсалған жоқ. Сирек құжаттар мен тарихи деректік материалдардың көпшілігі М.Төрегельдиннің жылдар бойы мұқият жинақтаған жеке архивінен алынған. Музейдің 1986-2006 жж. тарихында экспонат сатып алуға үш-ақ рет қаржы жұмсалыпты. Оның өзі этнографиялық-тұрмыстық мәдениетке қатысты жәдігерлер. Қайсар мінезі, өмірге деген ерекше құштарлығы, мұқалмайтын қайрат-жігері, дара мәдениетімен, шексіз білім-парасатымен 67 жыл бойы табан аудармай туған еліне қалтқысыз еңбек еткен абыз ағамыздың ғұмыры - өмір университеті. Көзі тірісінде мақтан сөз, атақ, мәртебеге де салқын қарайтын. Ол кісінің өмірі мен қызметі ел үшін қазынадан да қымбат. Ол көзі тірісінде алып тұлғаға айналған жан.
2015 жылы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіне Мәкен Төрегелдиннің есімі берілді.
Суретте: 1. Жетіқоңыр (ХХІІІ партсъезд) совхозына ауыспалы Қызыл Ту тапсыру салтанаты. Совхоз директоры Мәкен Төрегелдин, Социалистік Еңбек Ері Жарылқап Айтуаров. 1969 жыл.
2. ТМД елдерінде бірегей тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің директоры Мәкен Төрегелдин. 1997 жыл.
М.Төрегельдиннің мемлекеттік
наградалары мен құрметті атақтарының
тізбесі
- Орден «Отечественная Война» II-дәрежелі № 400162. 08.03.1945 ж.;
- Медаль «За оборону Сталинграда» №Б-24585. 12.1942 ж.;
- Медаль «За Победу над Германией в ВОВ 1941-1945» Ф-0483483. 05.1945 ж.;
- Медаль «Отечествената война 1944-1945» Болгария. София. 13.12.1950 ж.
- Орден «Отечественная война» І-дәрежелі. 1985 ж.;
- Орден «Знак Почета» №663914. 08.01.1971ж;
- Орден Трудового Красного Знамени № 1149665. 22.02.1982 ж.;
- Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы. 1973 ж.;
- Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы. 1983 ж.;
- Медаль «За освоение целинных и залежных земель». 20.10.1956 ж.;
- Медаль «20 лет Победы в ВОВ над Германией». 1965 ж.;
- Медаль «50 лет Вооруженных Сил СССР». 26.12.1967 ж.;
- Медаль «30 лет Победы в ВОВ над Германией». 1975 ж.;
- Медаль «60 лет Вооруженных Сил СССР». 28.01.1978 ж.;
- В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік медаль.
«За доблестный труд». 5.04.1970 ж.;
- Медаль «40 лет Победы в ВОВ над Германией». 1985 ж.;
- Медаль «70 лет Вооруженных Сил СССР». 28.01.1988 ж.;
- Медаль «50 лет Победы в ВОВ над Германией». 1995 ж.;
- Медаль «Георгий Жуков». 1996 ж.;
- Медаль «50 лет Победы под Сталинградом». 1993 ж.;
- Медаль «50 лет освобождения Украины от немецко-фашистских захватчиков» 1994 ж;
- Медаль «60 лет освобождения Украины от немецко-фашистских захватчиков» 2004 ж;
- Медаль «Победа в Сталинградской битве». 1943-2003 ж.ж.
- Медаль «Ерен еңбегі үшін». 24.04.1995 ж.;
- Мерекелік медаль «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» 03.12.2001 ж.
- Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры
ғылыми атағы. Бұйрық №8. 31.03. 2001 ж.;
- «Қазақстан Республикасындағы Инженерлік істі дамытуға сіңірген еңбегі үшін».
Қ.Р. Инженерлік академиясының құрмет белгісі. куәлік № 038. 28.01. 2003 ж.;
- «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісі. куәлік № 0603. 2003 ж.;
- Мерекелік медаль «Тыңға 50 жыл» 2004 ж.;
- Медаль «Қазақстан Конституциясына 10 жыл». 2005 ж.;
- Медаль «За содействие космическим программам». КСРО Космонавтика
федерациясы бюросының шешімі. 27.09.1984 ж.;
- Құрметті атақ. «Жезді ауданының Құрметті азаматы». куәлік № 17.
- Құрметті атақ. «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы». куәлік № 7.
- Құрметті атақ. «Түркістан қаласының Құрметті азаматы». куәлік № 111.
- 04. 2004 ж. Шешім № 4/31-111.
- Мүшелік билет. Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық басқармасының
мүшелік билеті. № 18. 24. 05. 2000 ж.
Мәкен Төрегелдиннің туғанына – 100 жыл
Өлке тарихының шырақшысы
Сәрсенбінің сәтінде (25.01.2023 ж.) Ұлытау облысының орталығында Жезқазған-Ұлытау өңіріне танымал тұлға, мемлекет, қоғам қайраткері, Ұлытау ауданының, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры Мәкен Төрегелдиннің 100 жылдық мерейтойының беташар іс-шарасы өткізілді. Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұрындық болуымен «Өлке тарихының шырақшысы» көрмесі ашылып, аймағымызға белгілі зиялы қауымның мағналы басқосуы өткізлді. Көрмені ұйымдастырушылар – Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі, ак. Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей және Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейі. Көрмеге қойылған және тұлғаның өмірі мен қызметіне қатысты сирек құжаттар мен деректік материалдар тұтастай өлкенің 1930-2000 ж.ж. аралығындағы даму, өркендеу жолын, мәдени-әлеуметтік келбетін сипаттайды.
Дөңгелек стол жиынын облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә.С.Омар ашып, жүргізіп отырды. Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ.М.Құсманғали, мемлекет және қоғам қайраткері М.Ж.Көпеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қожамсейітов, Жезқазған университетінің ректоры, т.ғ.д. Ә.А.Тәкішев, ауыл шаруашылығы ардагері Ж.Жауқасынов, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары Я.Асатов, Ө.Ахметов, өлкетанушы К.Балкенов, Мәкен ақсақалдың шәкірттері атынан Ф.Әжібек, «Ұлытау» телеарнасының басшысы, белгілі тележурналист Б.Үмбетова, ұлытаулықтар атынан А.Құрмансейіт белгілі тұлғаның азаматтық болмысы, елге сіңірген еңбегі жөнінде жылы естеліктерімен бөлісті. Тұлғаның ғасырлық мерейтойы аясында өзі ұйымдастырған музейге ескерткіш бюстін орнату, музейдің ашық аспан астындағы раритет жәдігерлерін сақтау мәселелері, М.Төрегелдин еңбектерін қайта басып шығару жөнінде ұсыныстар айтылды.
Мұражай болып тарихта,
Қаласың Аға, мәңгілік!
Мәкен Төрегелдиннің рухына
Сөзімнің болмас қатасы
Ақиқат, шындық нақ осы.
Төрегелдин Мәкен ағамыз,
Мұражайдың нағыз атасы.
Жоқтан жасап, бар қылып,
Жер-жаһанды таң қылып,
Мұражай болып тарихта,
Қаласың Аға, мәңгілік!
Геродоттың іздері,
Рычковтың тізбегі,
Қанышым – дара тұлғамның,
Жарқырап тұр ғой жүздері.
Тайқазанды қайнатып,
Шахтада сүңгі ойнатып,
Бағзы заманда кен қазған,
Бабамның ізін сайратып,
Паровоздары арқырап,
Күміс пен алтын жарқырап,
Ағылған мыстың бұлағы,
Не деген ғажап атырап?!
Танкіге бронь кигіздің,
Бақыты үшін ұл-қыздың.
Бәрін де әкеп аулаға,
Құдай-ау, қалай сыйғыздың?!
Яхия Асатов - Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы
https://www.muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/172-m-ken-t-regeldinni-mirbayany.html#sigFreeId60e4e83092