#Алтынтамыр

#Шебер2023 қолөнершілер фестивалі

 

Көрмелер мен шеберлік дәрістер. Ағаштан түйін түйген.

Қазақ қолөнерінің тамаша бір үлгісі ағаштан бұйым жасау. Ағаштан қиып керегесін, тоғынын иіп шаңырағын берік жасаған ежелгі қолөнердің биік шыңы үйшілерден асқан шеберліктің үлгісі жоқ шығар. Ел ішінде ағаш  діңін тұтас ойып тегене жасаған шеберлер,   қозға салып  балқыған ағаштан уық иген шеберлер есімін білмесіміз анық. Бірақ, бүгін де қолына түскен бір кертпек ағашты іс қыла білетін ауылдастарымыз жоқ емес.  Сондай бесаспап шебер – Сәуле Нұркамалқызы Ақдаулетова.

С.Н.Ақдаулетова Қарсақбай кентінің тумасы, №15 Ж.Жабаев атындағы Қарсақбай ТМ (РО) музыка пәні мұғалімі. Педагог-зерттеуші. Педагогикалық еңбек өтілі 25 жыл. Шығармашыл ұстаз республика, облыс, аудан көлеміндегі көптеген сайыстар жеңімпазы, авторлық жобалары бар, шәкірттерін музыка өнерінде табысқа жетелеп жүрген маман.

«Шебер-2023» аймақтық қолөнер шеберлері көрмесіне ұстаз өз қолынан шыққан  ағаштан жасалған қарапайым бұйымдарымен қатар оқушыларының да жұмыстарын көрсетті.  «Ағаштан бұйым жасауды  алғаш рет мектепте ер балаларға технология пәнінен сабақ беруді ұсынғанда бастадым. Оқушылармен бірге жасаған  дөңгелек стол, домбыра кәдесыйы және дойбы ойынының тақтасы мен тастарын ағаштан ойып, күйдіріп өрнектеуді қолға алдым, - дейді С.Н.Ақдаулетова. Ұстаздың шеберлік дәрісін тамашалап, әсіресе дойбы ойынына қызыққан көрермендер көп болды. Тақтайшаның бетіне күйдіріп өрнек түсіруге талпынған балалар кезекке тұрып,  күтуге тырысты. Қарапайым станокта ағашты жонып қалыпқа  келтіруді де үйренуге ден қойған жеткіншектерге риза болдық.  Мектеп бағдарламасында бүгінде көркем еңбек сабағында бұл технология жүргізіледі ме? Баланы еңбекке,  қолөнерге баулуға тек мектеп мұғалім ғана жауапты деуге болмас. Отбасында тұрмысқа қажет заттарды жону мен кесуді үйрететін әкелері ер баланың осындай қызығушылығына ден қоя білсе дейміз.  Баланың шығармашылық өрісін дамыту мен қол еңбегі дағдыларын қалыптастыратын бұл өнерді әркімге де  үйренуге тұрарлық.

«Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек  керек...  алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың төресі сол»,- деді Абай. Қолыңнан өнер келсе -еңбектеніп, болашағыңа сеніммен қарайсың. Жеткіншектерге бабалар мұрасы - дүстүрлі қолөнерді  талмай үйрете берейік. Кәсіп қылсаң қатарыңнан қалмайсың.