2 наурыз күні М.Төрегелдин атындағы музейде  «Алтын тамыр» этнографиялық айлығы және «Шебер-2021» қолөнер шеберлері  фестивалінің ашылуы болып өтті.  Фестиваль аясында музей мамандары  «Тулақ шашу» дәстүрін жаңғыртып,  мерекелік шара өткізді.

Тулақ шашу  ежелден ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Тулақ шашу- жүн сабарда, сабап болған соң берілетін шашу табағы.  Халқымыз əрбір іс, шаруаның басталу, аяқталу сəтін жай өткізбей, оны атап өтіп және соған сәйкес əдет-ғұрыптар, ырымдар жасап отырған. Соның бірі - тулақ шашу салты. Мұны көбінесе əйелдер жасайды. Киіз, текемет басатын үй оған қатысатын əйелдерге жүн сабар алдында «тулақ шашуын» шашып тамақ береді.

Фестивальдың ашылуына ауылдың құрметті аналары «Алтын» алқа иегері, Батыр ана Батима Айтпаева және ұзақ жылдар білім беру саласында еңбек еткен ұстаз, тәрбиеші Рысалды Жұмабаева қатысты. Шебер аналар киіз басу өнері, оның қалыптасу тарихы  мен жалпы киіздің, жүннің  қасиеті және одан жасалатын бұйымдар жайында кеңінен әңгімелеп берді. Іс-шара барысында шебер аналарымыз киіз басудың қыр-сырымен бөлісті. Музей мамандары ардагер аналардың басшылығымен киізге арналған жүнді шабақтау, сабау, жүнді шиге салып бастыру, шиді шиыршықтап орау, түр салу жолдарымен танысты. Киіз өнімдерін жасауда(киіз басу) күзем жүн, текеметке түр салуда түтілген жабағы жүн пайдаланылатынын атап өтті.

Бүгінде мал өсірумен айналысып отырған ауыл тұрғындары үшін, әсіресе қойдың жүнін аяқасты етпей тұрмыста пайдалануды қолға алудың маңыздылығына бұл шараға қатысушылар тағы бір көз жеткізді Ата-бабаларымыз киіздің сәндік қасиетін ұтымды пайдаланып, күнделікті өмірде тұрмысқа қажетті, көшіп-қонуға ыңғайлы аяққаптар, кесеқаптар сияқты бұйымдар да жасағанын айта кетуіміз керек.