Академиктің сенімді серігі

«Мықты ер-азаматтың артында ақылды әйел тұрады» деген аксиомаға айналған түсінік бар. Алыптар да анадан туады. Ал олардың жарлары аңызға айналған мысалдар аз емес. Сондай тағдырлы тұлғаның бірі - академик Қаныш Сәтбаев. Ұлы ғалымның алғашқы зайыбы Шәрипа Смағұлқызы атасы Имантай мен енесі Нұрымның, күллі әулеттің сүйікті келіні болған, қиын кезеңдерде Сәтбай әулетінің құт-берекесін сақтауға үлкен үлес қосқан. 1930 ж. қырдағы елдің дағдылы өмірін шат-шәлекей еткен өзгерістер басталғанда бүкіл әулет  Омбыға ірге көтеруге мәжбүр болды. Осындай қиын сәтте басқа түскен ауыртпалықты қайынағасы Ғазизбен бірге көтерді. Ерекеше жағдай, Сәтбайдан тамыр тартып, Имантайдың кіндігінен тараған үшбуын ұрпақтың ішінде «Имантаева» болып жазылған жалғыз Шарипа ана. Қаныш Имантайұлының етжақын туыстары, Баянауыл мен Қарағандыдан келетін ауылдастары Шәрипа отырған үйді Сәтбай әулетінің қарашаңырағы санап, құрмет тұтқан. Қ.Сәтбаев бәйбішесін «Шаңырағымның құты» деп қадір тұтқан. «Оның бірінші әйелі Шәрипа Қанекеңе шексіз берілген жан еді. Күйеуінің дос-жарандары мен жақындарының сый-құрметіне бөленген, ол кісінің жібек мінезіне табиғи ақыл-санасы мен мейірімділігі, тірлік тәжірибесінен туған даналығы арқау болатын. Ол балаларына қамқор ана еді, ал балалары болса, ұлы әкесі атына қылау түсірген емес...» - деп ерекше құрметпен еске алады ак.Ш.Шөкіұлы.

Академик Қаныш Сәтбаевтың екінші қосағы Таисия Алекесеевна (Кошкина) Сәтбаева ұлы тұлғаның ғылым жолындағы, қайраткерлік тағдырындағы сенімді серігі. Т.А.Сәтбаева – Қазақстан әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш инженер-геолог, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ұлы ғалымның ілімін қолдап, насихаттаушы. Ол да Қаныш Сәтбаев тәлім алған Томск технология институтын бітірген. Кеншілер мекенінде (ШҚО, Зырянов қ.) туған қыз кен ісіне бүкіл өмірін сарп етті. Оқуды бітірген соң Семейдегі мұғалімдік семинарияда сабақ берді, одан кейін Қызылордаға қызметке ауысты. Осы жылдары Томскіде бірге оқыған жас инженер-геолог Қ.Сәтбаевпен өз тағдырын біржола қосты. Қазақы ортада тәрбие алып, дәстүрлі құндылықтарды бойына сіңірген Қаныш үшін екінші отбасын құру, жүрек қалауын мұсылмандық ортаға мойындату оңай болды дей алмаймыз. Ұлы тұлғаның өміріндегі екі жұбайы кеңес кезенінің қатаң моральдық-әлеуметтік шектеулеріне қарамастан ер азаматтың алтын басын асқақтата білді. Шәрипа анамыз отбасына деген партиялық қатаң рәсімді сақтап, ерлі-зайыптылық қатынасының үзілмегенін былайғы жұртқа дабыраламай, біртоға өмір кешті, екі отбасының балаларына мейірімін төкті. Таисия Алексеевна Сәтбаев феноменіне айналған геологиядағы ұлы жаңалықтардың ашылуына, ғылыми ортада мойындалуына себепкер болған ірі ғалым. Қ.Сәтбаевтың Ұлытау-Жезқазған аймағындағы жанкешті еңбегі, Үлкен Жезқазған үшін күресі, 120 мың кв/шақырым аймақты қамтитын кеңді өлкенің 2 млд.жылдық жаратылыс заңдылығын ашып берген металлогендік – болжамдық картасын жасаудағы ғылыми жолын Т.А.Кошкинаның естеліктері арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Солай да болды. Алғашында А.Брагин, кейіннен М.Сәрсеке ұлы тұлға жайлы тамаша еңбектер қалдырды. Әсіресе, сәтбаевтаушы М.Сәрсеке Сәтбаев ғұмырнамасын жарыққа шығаруда Таисия Алекесеевнаның естеліктері мен отбасылық мұрағатына айрықша иек артқанын ашық айтады. Қ.Сәтбаев пен Т.А.Кошкинаның арасындағы 1926-30 жж аралығындағы хаталмасулардың өзі ұлы тұлға портретін жасауда шешуші дереккөз ролін атқарған. Жазушының еңбегін ашып қалсақ әр бетінен Таисия Алексеевнаның (1947 ж. бастап Сәтбаева) естелік деректерін кездестіресің.

Үлкен Жезқазған үшін ұзақ жылдарға созылған (1926-1934жж) күрестін нүктесін қойған 1934 ж. қараша айында шақырылған КСРО ҒА-ның кезекті ғылыми сессиясы естеріңізде болар. Түсті металл басқармасының адуын басшыларымен шайқасы бірнеше мәрте сәтсіздікке ұшырап, Жезқазғанның мыс қоры Кеңестер Одағында теңдессіз екенін дәлелдеу Қ.Сәтбаевқа оңайға түспеді. Сондықтан геолог Қ.Сәтбаев геология білгірлері В.А.Обручев, А.Д.Архангельский, В.А.Ванюковтың қолдауына сүйеніп осы тарихи сессияны шақыруға себепкер болды. Ғұламалар бас қосқан сессияда Т.А.Кошкина «Жезқазған кеңдерінің минераграфиялық зерттеулері» жөнінде баяндама жасап, Жезқазған қыртыстарындағы кеңдердің құрамы мен оны анықтаудың тәжірибесін ортаға салды. (Большой Жезказган. 1935 ж. 280 б.) Осы сессиядан кейін Қ.Сәтбаевтың КСРО ауыр өнеркәсіп халық комиссары  Г.К.Орджоникидземен (31 желтоқсан. 1934ж.) кездесуі өтіп, Жезқазған тағдыры шешілді. Кейін ұлы ғалым ғұмырнамасына арналған әдебиеттер мен деректі, көркем фильмдерде осы кездесу бүге-шүгесіне дейін көрсетілді. Негізгі деректер, екі тұлғаның арасындағы сұхбат ғалымның жары Т.А.Сәтбаеваның естеліктерінен, «Қ.И.Сәтбаев» еңбегінен алынған.

Қаныш Имантайұлының қызметіне байланысты жас  жұбайлардың алғашқы қонысы Қарсақбайда болды. Қарсақбайдағы өмірлерінің екінші жылында (1929 ж) Сәтбаевтар отбасына жаңа салынған екі пәтерлі үйден мекен-жай берілді. Үйдің екінші басына Қазақстанда алғаш құрылған геологиялық кеңсе орналасты. Осы үйде олар Алматыға қоныс аударғанша (1941 ж) Жезқазған өңірінде өшпес із қалдырған айтулы жылдарын өткізді. Қ.Сәтбаев Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының геология бөлімін, кейін дербес құрылған Жезқазған геологиялық экспедициясын басқарса, Т.А.Сәтбаева инженер-геолог қызметін атқарды. 1941 ж отбасы Алматыға көшкеннен кейін өмірінің соңына дейін Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтында қызмет етті. Көп жылдар институттың минерологиялық зертханасын басқарды. Негізгі еңбегі Жезқазған кеңдері қосындыларының құрамдарын, сондай-ақ құрамында мысы бар құмтастарды зерттеуге бағытталды. Бұл еңбектері екі ғылыми монографияға негіз болды. Олар: «Жезқазған кен орнының кен жасағыш минералдары» (1949 ж), «Құрамында мысы бар құмтастар тақылеттес кен орындарының минералогиялық ерекшеліктері» (1958 ж). Бірінші еңбегі – ғылыми кандидаты диссертациясына арқау болса, екіншісі – докторлық дәрежеге ұсынылды. Бірақ денсаулығына байланысты оны қорғау жұмысы тоқтап қалды. Т.А.Сәтбаева Жезқазған кең орнының гидротермиялық тума негізін дәлелдеп, ұлы ғалымға баға жетпес көмек жасады. Ол С.К.Калининмен, Э.Е.Файнмен бірлесіп Жезқазған кенінде ренийдің бар екенін дәлелдеді. Сол еңбегі үшін «Жезқазғанда ренийді алғашқы ашушы» белгісімен, КСРО геол. Мин-ң арнайы дипломын иеленді. Ғалым әсіресе кентастардағы шашыранды элементтердің минералогиялық құрамын зертханалық деңгейде зерттеуде баға жетпес нәтижелерге қол жеткізді. Осы зерттеулердің арқасында кеңдегі сирек элементтердің байыту, балқыту процестерінде жолшыбай жоғалып кету себептерін ашты, оны болдырмаудың ерекше тәсілдерін тәжірибеге енгізуге жол салды. Қазақстанда Сәтбаев және оның шәкірттері ашқан бай полиметалды кен орындары үшін бұл баға жетпес құңды жаңалық болатын. Таисия Алексеевна өмірнің соңғы кезеңінде Қ.Сәтбаевтың еңбектерін жинақтау, қолжазбаларын академиялық деңгейде редакциялау, баспаға әзірлеуде қайраткерлік танытты. Ғалымның жеке архивін жүйелеп, мемлекеттік архив қорына өткізді. Ұлы тұлғаның ең алғашқы шығарылған 5 томдығын құрастыруға, басып шығаруға жетекшілік жасады. Ол ғұлама ғалым, асыл серігі Қаныш Сәтбаев туралы жан тебірентерлік тамаша естеліктер қалдырды. Оның қаламынан туған естеліктердің шыншылдығы мен ғылыми дәлдігіне  басқа ешқандай еңбектер тайталаса алмайды. Керісінше, ұлы тұлғаның академиялық деңгейдегі ғұмырбаяны, кейін ондаған автор жазып қалдырған Сәтбаев туралы деректі шығармаларға Т.А.Сәтбаеваның естеліктері негіз болды. Оның еңбектерінен қазақтың даңқты перзенті Қаныш Сәтбаевтың азаматтық болмысы, қайраткерлік тұлғасы, мейірбан жүрегі, қарапайым да асқақ бейнесі елес береді. Әсіресе, Қ.Сәтбаевтың қазақылығы мен елжандылығы, ұлтқа қамқорлығы, туған еліне деген перзенттік сезімі өмірден алынған нақты оқиғалармен дәйектеліп отырады. Қарсақбайдағы акдемик Қ.И.Сәтбаев музей үйінің негізін қалаған (1969ж), Жезқазған қойнауының жеті қат құпиясын ашуда ұлы тұлғаға сенімді әріптес, өмірлік серік болған Т.А.Сәтбаева сондай жан еді.