Тұрсынбек Қайсынов... Жезді-Ұлытау өңірінің өнері мен мәдениетінің тарихында дараланып көрінетін тұлға. Тіпті 1970-90 жылдардағы  өңірдегі көркемөнерпаздық қозғалыс, халықтың шығармашылық өнерге деген ерекше ықыласы мен әуестігін Тұрсынбексіз, дәлірек  айтсақ Тұрсынбектің бейнесінсіз елестету мүмкін емес. Талантты музыкант,  ансамбль жетекшісі, хор дирижеры, концертмейстер, мәдениет үйінің меңгерушісі, балалар саз мектебінің директоры... Ал ең бастысы  Т.Қайсынов тыңдармандар жүрегін әсем әуен, сиқырлы сазбен тербете білген хас шебер.

         Ол 1971-1974 жылдары Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыкалық  училищенің халықтық бөлімі мен аккордеон класын үздік тамамдаған. Бала кезінен баян мен аккардеонды, скрипка мен домбыраны нотасыз өзігінен тартып үйренген өнер сүйгіш жан еді. Аккорд, яғни әртүрлі биіктегі дыбыстарды  үйлестіруші аспаптың қасиеті Тұрсынбектің  өзіне де  тән дүние. Оның үлкен ұйымдастырушылық қабілеті, озық  тәлімгерлігі, кез-келген жеткіншекті өнер әлеміне үйіріп әкететін ұстаздығы бір төбе.Ол  ұйымдастырған қандай  ансамбльдің  болсын, көркемдік деңгейі,орындаушылық шеберліктері жоғарғы деңгейде еді. Әрбір аспаптың дыбысын тыңдап, аккорд пен барлық  әуендердің  ноталарының  гармониясын реттеп беріп, ансамбльдің  әрбір  мүшесінің аспаптағы ойынын қадағалап үйретіп отыратын. «Жезді жұлдыздары» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі ретінде көптеген жас музыканттарды тәрбиелеп, оларды эстрада жанрына баулыды.

         Тұрсынбек басқарған өңірге әйгілі «Жезді жұлдыздары»  халықтық ән-би ансамблі Мәскеуде Бүкілодақтық бірінші жастар фестивалінің лауреаты атағын жеңіп алып, өзі Кеңестер Одағының Бас  көрмесі ВДНХ-ның  Алтын медалімен марапатталды. 1973 жылы Жездінің жастарынан құрылған «Жезді жұлдыздары» халықтық ән-би ансамблі кішкене ауыл шеңберінен шығып, Одаққа танылды. 1976 жылы мамыр айында  Жезді жұлдыздары ансамблі Москваның ВДНХ көрмесі және Жұлдызды қалашықта өнер көрсетті. Қазақстаннан барған «Мерке әуендері» ансамблімен үзеңгілес түсіп, Жездінің шынымен жұлдызы жанып, конкурстың жүлдегері атанды. «Аудандық ансамбль болғанымен ансамбль Москваның ансамбльдерінен бірде-бір кем емес екен.  Біз көп ләззат алдық. Көпке дейін ұмытпаспыз, бұл ғажап әуенді»,-деген екен мәскеуліктер. Байқаудың қорытындысында «Жезді жұлдыздары» ансамблі  бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

         1981-87 жылдар аралығында Жезді кен басқармасының «Кеншілер» мәдениет сарайының директоры болып жүрген кезінде «Жезді жұлдыздары» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі  кенші жастардың «Радуга» вокальды-аспаптар ансамблін  ұйымдастырды. Кеншілер сарайында, жазғы саябақтың би алаңындағы ойын-сауық, би кештері ол ұйымдастырған ансамбльдердің сүйемелдеуімен өтетін. Сол кездегі жанды әуен мен саздың ырғағы қандай болды десеңші. Тұрсынбек музыка десе ішкен асын жерге қойып, тәуліктің кез-келген сағатында сахнаға шығатындай үнемі шығармашылық бабында жүретін табиғи талант  иесі.

         Көп ұлтты кеншілер еңбек коллективінің мәдени өмірін ұйымдастыруға аянбай тер төгіп, халық беделіне бөленді. Мәдениет үйінде әртүрлі шығармашылық  үйірмелер ұйымдастырылып,әрбір сенбі, жексенбі күндері кен басқармасының өндіріс цехтарының мәдениет күндері  өтіп тұратын. Әртүрлі ұлт өнерпаздарының шығармашылық кештерін өткізіп, ән мен әуеннің сауаттылығына мән беріп, жастарды өнерге баулып  отырды.

Жездінің жезтаңдай әншісі, көптеген ән конкурстарының лауреаты Эдуард Казбан  екеуінің шығармашылық әрі өмірлік достығы бір бөлек әңгіме.  Э.Казбан  Тұрсынбектің сүймелдеуімен «Жезді жұлдыздары» ән-би ансамблінің құрамында Мәскеуден бастап, Қазақстанның біраз сахналарында ән салып, елдің қошеметіне бөленді.

         Тұрсынбек Жездідегі алғаш ашылған балалар саз мектебінде жастарға баян аспабын үйретіп, шәкірт тәрбиеледі. 1987-93 жылдары  аудандық  балалар  саз мектебінің       директоры қызметін атқарды.  Саз мектебінде домбыра, қобыз, баян, аккордеон, фортепиано кластары бойынша сабақтар жүргізіліп, аспаптардың қыр-сыры үйретілді. 1993-97 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі ретінде қыруар істер атқарып, аудандық, облыстық мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүретін. Тұрсынбектің өңірдегі халық шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі өте зор.Аудандағы өнер ұжымдарының, еңбек коллективтерінің есеп беру шығармашылық концерттерінің жақсы талғаммен өтуін қадағалап, көмегін беріп отырды.

         Екі аудан қосылып, аудандық мәдениет бөлімі жабылғаннан кейін  Тұрсынбек Қайсаұлы Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы драма театрына концертмейстер, музыкалық-көркемдік жетекші қызметіне ауысты. Жезқазған қаласында  өнер майталманы, музыкант ретінде үлкен  беделге ие болды. Драма  театрынын барлық қойылымдарының  музыкалық  сүйемелдеушісі  ретінде  танылды.         Тұрсынбектің өнер шыңы сағым секілді болып көз алдымызға келеді. Сонау Мәскеудің талғампаз сахнасында, өнер ордасы театрлардың сахнасында, мәдениет үйлері, ауылдың  аядай клубы, малшы үйлерінің шағын көрермені болсын Тұрсынбек үнемі бабында, аккордеоны мен сентизаторы жанында, өнерпаздары маңында  жүретін. Әуен мен адамның осы бір үйлесімдігі жүрегімізде мәңгілік сақталып қалғандай. Тұрсынбектің жүрген жері  қашанда  думанды тойлы болатын. Сырнайынан төгілген әсем сазды әуен сағынышқа айналып, оның өнер шыңы басқалардан асқақтау биіктеу көрініп тұрады.

Өнерге қатысты  үнемі тамаша жоспарлары, ойлары бар, Тұрсынбектің арманы  2004 жылы аяқ астынан болған инсульттан кейін, кілт тоқтап қалды. Қайран өнерпаз ауырып, төсекке таңылып жатып қалғанда, жан дүниесін кезген ойлар мен толғаныстар қандай болды екен ...  2012 жылы музыкаға жан тәнімен берілген, музыкалық қабілеті өте ерекше, замандастары компьютер- музыкант деп атаған асыл азамат өмірден өтті.

         Өкінішті-ақ, бірақ уақыт өткен сайын Жезді-Жезқазған өңірінің  мәдениеті мен халық шығармашылығына танымал талантты музыкант, саз аспаптарының  тамаша маманы Тұрсынбек Қайсыновтың бейнесі биіктеп бара жатқандай. Тұрсынбек Қайсаұлы 1947 жылы 9 қаңтарда бұрынғы Жезді ауданы  Қарсақбай  кентінде  мыс заводының жұмыскерінің отбасында дүниеге келген. 2022 жылы Тұрсынбектің туғанына 75 жыл толуына байланысты аудан, кент әкімдігі, ақсақалдар алқасы тарапынан қолдау болып, Тұрсынбек  Қайсынов атындағы мәдени іс-шаралар өткізіліп, Жезді кентіндегі Мәдениет үйіне  есімі берілсе екен деген тілегіміз бар. Оның өнерін, еңбегін бағалаған ел-жұрты қолдайды деп ойлаймыз. Т.Қайсынов көзі тірісінде мемлекет тарапынан  жоғары атақ алмаған азамат.

 

М.Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі

тау-кен және балқыту ісі тарих музейінің әдіскері

М.Т.Уатаев

 

 

Суретте:

 

  1. Тұрсынбек Қайсынов
  2. «Жезді жұлдыздары» вокалды- аспапты ансамблі.