Өлкедегі медицинаның даму тарихынан.
Жезді мұражайы қорында 1968 жылы Қазақстанның 50 жылдығына орай жарық көрген жезқазғандық дәрігерлердің ғылыми – тәжірибелік мақалаларының жинағы сақталған. Жинаққа С.Қалмағанбетов, Б.Лыков, Ө.Мұқанов, А.Бақбергенов, Л.Бирман және т.б. Жезқазған қалалық денсаулық сақтау бөлімі қызметкерлерінің еңбектері енгізілген .Сол жинақтағы өлкеміздің денсаулық сақтау саласының дамуы жайлы деректерді оқырман назарына ұсынып отырмыз .Жинақты өзінің қолтаңбасымен музей қорына ғалым-дәрігер, өлкетанушы, аймақ медицинасының ақсақалы Ө. Мұқанов 1989 жылы өткізген.
Кеңес дәуіріндегі жоспарлы экономиканың бірінші бесжылдығында Қазақстанда көмір және тау-кен өндірісін дамытуға басты назар аударылды. Мыс өндірісінің тұңғышы - Қарсақбай
заводын өркендетуге қаржы бөлінді. Өндірісті дамытатын аймақта еңбекшілердің денсаулығын сақтау мен өндірістегі аурулар, жарақатпен күресуді жолға қою денсаулық сақтау ұйымдарынан талап етілді. Денсаулық сақтау Халық комиссары Қазақстанда ауруханалар салу және дәрігер кадрлармен қамтамасыз етудің бесжылдық жоспарын жасады. Оған дейін Қарсақбайда ағылшындар кезеңінде салынған 8 орындық аурухана болған. 1925 жылы 20 орындық аурухана жабдықталды. Онда небәрі үш дәрігер: хирург, акушер-гинеколог және терапевт болды. Сол жылы Ұлытауда учаскелік аурухана ашылды. Жезқазған кенішінде дәрігерлік пункт, Байқоңырда 10 орынды ескі барақта орналасқан аурухана болды. Онда дәрігер мамандар жоқ еді. 1933 жылы аудан орталығы Қарсақбайда перзентхана мен балабақша-ясли салынды. Барлық медициналық мекемелер Қарсақбай аудандық денсаулық сақтау бөліміне қарады. 1941-1943 жылдары бұл бөлімді Н.И.Максюков басқарды.
Өлке медицинасының тарихы Қарсақбай заводының «қызыл директоры» болған И.В.Деевтің есімімен байланысты. Ресейдегі революциялық қозғалыстардың қатысушысы ретінде 1913 жылы Түркістан әскери округіне жер аударылған Иван Деев Жосалы стансасында Байқоңыр көмір кенішіне фельдшер керектігі туралы хабарландыруды көріп, мамандығы бойынша осы өлкеге сұранып келді. 10 орынды аурухананы қалпына келтірумен айналысып, амбулаториялық хирургияны дамытты. Мұражай қорында 1913 жылы Байқоңыр көмір кенішінде апатқа ұшыраған жұмыскерге медициналық қызмет көрсетілгені, жұмыскердің жағдайы туралы құжаттар сақталған. Өндірістегі апаттарда ауыр жарақат алғандарға ота жасаудың өзі сол кезде мүмкін болған.
1925 жылдың өзінде Қарсақбай ауруханасында әртүрлі хирургиялық ота түрлері «аппендициттен бастап, гинекологиялық емдеуге дейін жасалды», - деп жазды С.Қалмағанбетов «Жезқазғандағы хирургиялық қызметтің дамуы» мақаласында. Хирург дәрігерлер – Соломин Н., Власенко В.Г., Мацебура Ф.М. және операциялық мейірбикелер П. Агеева мен Т.А.Улаевалардың бұл салада атқарған еңбектері зор.
Жезқазған кенті (Рудник) және Кеңгірде медициналық қызмет көрсетуді 1946 жылға дейін фельдшерлер жүзеге асырды. Фельдшер Б.С.Шмуклер бала дәрігері және санитарлық бақылаушы, фельдшер В.И.Токаренко-рентгенолог, С.Салықбаев-жедел жәрдем дәрігері міндетін атқарды. Рудниктегі аурухананы фельдшер М.Т.Рабчевская басқарып, жан-жақты медициналық қызмет көрсетті. Өлкеміздегі ауруханаларда сол кезеңде келген алғашқы дәрігерлер легінде Е.Д.Горская, Н.А Иванова, Н.И.Валеньтик болды.
1933-1942 жылдары Қарсақбай ауруханасында хирургтер Ө.Мұқышев және Ф.Мацебура еңбек етті. Жылына 200 - 250 ота жасалды. Ө.Мұқышев - Алматы медицина институтының түлегі - қарсақбайлықтар құрмет тұтқан дәрігер. 1942 жылы әскер қатарына алынып, соғыс аяқаталғанша әскери дәрігер болды.
1940 жылы Байқоңыр кенішіндегі ауруханаға хирург - Антонина Андреевна Брылина келді. 1944 жылға дейін ол Марганец (Жезді), Байқоңыр, Қарсақбай, Кеңгір және Рудник поселкелерінің халқына қызмет көрсеткен жалғыз маман еді. Алғашқылардың бірі болып «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақ ССР-ның құрметті дәрігері» атанды.
1944 жылғы «За медь» газетінің 15 желтоқсандағы санында сол жылдағы денсаулық сақтау қызметінің көрсеткіштері берілген. Ауданда 1943 жылы 5 аурухана, 7-денсаулық сақтау пункті, 5 балалар мекемесі, 4-амбулатория, 2-балалар консультациясы болды. Денсаулық сақтау саласына 1989,9 рубль қаржы бөлінген. 1944 жылы 205 орындық 5 аурухана, 5 амбулатория, 14 –дәрігерлік кабинеттер, 4 дәрігерлік қабылдау пункті, 2 балалар консультациясы мен 3 сүт кухнясы болды. Онда 720 балаға сүт беріліп, 230 орындық 5 балаллар яслиі жұмыс істеді. Колхоздарда – 4 фельдшерлік-акушерлік пункттер, 9 денсаулық пункті жұмыс істеді. СЭС және санитарлық инспекция қызметі болды. 1944 жылы денсаулық сақтау қызметіне 2098 мың рубль қаржы бөлінген.
1947-1950 жылдары Жезқазғанға дәрігерлер - Хренкина А.А, Гришина М.Г., Колькина Н., Бродов Л.Е., Новикова А.А., Бирман Л.Е., Мұқанов Ө.М., Куприянова А.И., Шепелева Л.И. және фельдшерлер Воропаева А.В., Сапрунов А.И., Гаращенко М.А., Мерлинг Ф.Г. т.б. келді. 1950 жылы Жезқазған ауданында 12 хирург маман болса, оның 2-і ауылдық ауруханада еңбек етті.
1947-1949 жылдары Рудник және Кеңгір поселкелерінің ауруханалары салынды. 1950 жылдың соңына қарай 230 орындық екі аурухана корпусы бой көтерді. 1954 жылы екі поселок біріктіріліп Жезқазған қаласы құрылды. Қалалық кеңес құрамында қалалық денсаулық сақтау бөлімі құрылып, оның бірінші меңгерушісі Новикова Анна Александровна болды.(«Разитие здравоохранения г. Джезказгана» Б.А.Лыков.Жинақтың бас мақаласынан).
1956 жылы бүгінгі Сәтбаев қаласының денсаулық сақтау қызметінің іргесі қаланды. Никольск қаласында 25 орынды аурухана, 25 орындық 2 диспансер (туберкулезге қарсы және тері аурулары) ашылды. 1958 жылы 60 орындық инфекциялық аурухана корпусы, 50 орындық балалар ауруханасы, кеніште және қалашық орталығында емханалар ашылды. Жүйке аурулары ауруханасы, балалар ясли-бақшасы, сүт кухнясы және саноторий салынды.
1968 жылы Жезқазған қалалық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы болған Б.А.Лыков өз мақаласында 1938-1967 жылдардағы дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері туралы салыстырмалы көрсеткіштерге тоқталған. 1938 жылы 4 дәрігер, 1959 жылы – 127, 1967 жылы – 191 маман–дәрігер, орта медицналық мамандар саны 1938 жылы-20, 1959 жылы-460, 1967 жылы-860 қызметкер болды.
Қарсақбай ауруханасының хирургия бөлімінде Х.В.Каленбах, медицина ғылымының кандидаты – Л.М.Берман, Ө.М.Мұқанов еңбек етті. 1954 жылдан бастап хирургиялық қызмет кеңінен дамыды. Хирургияның жарақаттар емдеу (травмотология) саласы, урология және балалар бөлімшесі, стамотология салалары дамыды. 1950-1954 жылдары Жезді кенішінің ауруханасында 10 орындық хирургия бөлімі ашылып, дәрігер А.Пак, М.Р. Рахметов еңбек етсе, Ұлытау ауруханасының 10 орындық бөлімінде хирург дәрігерлер – В.В.Шпет, В.В.Нагулевич атты мамандар болды. «Сол жылдары Қарсақбай мен Жезқазған ауруханаларында әсіресе хирургиялық қызмет жоғары дамыды және оған доцент Х.М.Мақажанов басқарған Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімі жан-жақты көмек көрсетті», - деп жазады С.Қалмағанбетов. Қарсақбайдан еңбек жолын бастаған денсаулық сақшыларының есімдерін бір мақаламен қамту мүмкін емес. Галина Тимофеевна Майштың еңбек жолы жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қарашаңырақта басталды. Жезді кенішінің медицинасына үлес қосқан Надежда Ивановна Иванова Қарсақбайға 1930-шы жылдары анасы Анна Ивановнамен бірге келді. Анна Ивановна Куприянованың бар саналы ғұмыры Қарсақбай халқына қызмет етумен өтті. Мұражай қорындағ сақталған А.Куприянованың фото альбомы 1950-1960 жылдардағы қарсақбайдың тірлігін бейнелеген қайталанбас деректер. Аймақтағы денсаулық сақтау саласы еңбеккерлерінің бүгінде заманауи техника мен технология заманында атқарып отырған қызметтері ел алғысына лайық. Ал 85 жыл бұрын ауылдың халқына қарапайым ағаш түтікті тыңдау құралымен қызмет көрсетіп, адам өміріне ара түскен мамандар есімі аңызға айналды.
https://muzeijezdi.kz/kz/ma-alalar/212-lkedegi-meditsinany-damu-tarikhynan.html#sigFreeId64332be2ce