Есіңде ме сол күндер...

Жезділіктер оған «Құдайберген» деген лақап есім беріп, өмірінің соңына дейін ерекше құрметтеді. Оның шын есімі – Иосиф Николаевич Богданчиков (1901-1993ж.ж.). Қарапайым теміржолшы отбасында дүниеге келген. 1932 жылы Москва кен-барлау институтын бітіріп, Қ.Сәтбаевтың шақыртуымен Қарсақбайдағы барлау кеңесінде еңбек жолын бастаған. 1935 жылдан бастап өлкедегі марганец кенін, оның пайда болу, орналасу заңдылықтарын зерттеумен айналысқан. 1940 жылдан бастап Жезді өзенінің аңғары, Жезді, Найзатас кен орындарымен айналысып, қорғаныс ісі, болат өндірісі үшін марганецтің мол қорын ашты. 1983 жылға дейін Жезді кен басқармасы геологиялық тобын басқарды, өндірістің барлау қызметіне жетекшілік жасады. И.Н.Богданчиков «Жезді кен орнын алғаш ашушы» белгісінің, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері. Жезді музейінің қорында Құдайберген – Иосиф Богданчиковтің естеліктері (КП№-10234, КП №-10397) жеке құжаттары, фото-деректер сақталған. Төменде Жездінің отты жылдарына куә болған ардагердің естеліктерінен үзінді.

... Жезді марганец ошағына 1911 жылы алғаш табан тіркеген шетелдік-ағылшын геологы Болл. Жезді өзенінің аңғарында жер бетіне таяу жатқан марганец кені жөнінде 1926 жылы геологиялық түсірілім жүргізген геолог И.С.Яговкиннің еңбектерінде айтылады. Марганецті Қарсақбай мыс заводы да пайдаланды. Бұл руда шарпу пешінде қожды тотықтыру үшін, яғни қалдықта қалатын мыстың мөлшерін мейлінше азайту үшін пайдаланылды. Қарсақбай кен барлау партиясының 1939-1940 жылдардағы жақсы жетістіктері үшін маған сыйақы және 2 айға Кривой Рог пен Никопольге ғылыми іссапарға жолдама берді. Іссапарға 1941 жылы сәуірде аттандым. Қайтар жолда бірге туған апаммен қауышу үшін Москвада аялдауды шештім. Онда келсем Қ.Сәтбаевтан жеделхат жатыр: 26 маусымда Жосалы станциясында болуым керек. Таңғажайып сәйкестік: 22 маусым 1941 жыл, түнгі сағат 23:30 мин. аттанатын Москва-Ташкент поезына билет алдым. Дәл осы сәтте соғыс басталды. Жосалыда ұзақ әңгіме болды. 1938 жылы қазылған кен жырларын, №6,9,10,11 залеждерді бұрғылап көргенбіз. Барлау нәтижелерін Қ.Сәтбаевпен кездескенде баяндадым. Сәтбаев Алматыға, мен Жезқазғанға бет алдым. Жезді партиясының басшысы ретінде маған мынандай міндеттер жүктелді: Жезді кен орнын бұрғылауды жобадағыдан 3 есе арттыру; Әрі кеткенде қараша айына дейін (1941ж.) кен орнының геологиялық картасын барлық барлау, бұрғылау есептерімен Алматыға жеткізу. Қ.Сәтбаевтың тапсырмасымен 1941 жылы мамыр айында Жезқазған экспедициясының шағын отрядымен Жезді, Найзатас төңірегін зерттеуге кірістім.

... 1941 жылдың мамырынан бастап Жездінің қойнауында дамылсыз тіршілік басталды. Біз нағыз қазынаға жолықтық. Браунит қатпарлары 36 дан 45% дейін таза марганецті көрсетті. Геолог Покровский, металлург Ярус және КСРО Қара. Мет. Мин-нің техникалық бөлімі қызметкерлері Жездіге келіп, есептерді, үлгілер мен анализдерді қарап «Бұл бос дақпырт болар» деп сенбеді. Жердің бетінде жатқан қазынаны көргенде таң қалды. 

Бір күні Жезқазғаннан В.И. Штифанов телефон соқты.

  • Майданға жинал, - деді.

  • Соғысқа ма? Мені әкететін болды ма?

  • Иә, соғысқа! – Дауысы трупканы жарып жібере жаздады.

  • Сенің алғы шебің Жезді арқылы өтеді. Бір адым артқа шегінбеуге бұйрық берілді. Енді Иосиф, Жезді де майдан даласына айналды....

1941 жылы желтоқсанның соңғы күндері В.И.Штифанов мені жедел Жезқазғанға шақырды. Одақтық Қара металлургия министрлігі мен Қаз. Орт. Комитетінен беделді комиссия келіпті. Жездіні, жер бетіне шығып жатқан кен жыраларын өз көздерімен көріп, оны ашық әдіспен өндіру, ең жақын теміржол стансасы Весовойға тасымалдаудың жағдайын талқыламақшы. Сонымен Жездіге шанамен шығып кеттік. Қас қарайғанша аялдамай жүріп, Жездіге 5 км. қалғанда жергілікті қазақтың жеркепесіне қоналқыға тоқтадық. Таңсәріде айналаны шолған комиссия бір тоқтамға келді. Жездіні кені кесек-кесек түрінде жайғасқан, құрамында фосфор мен  күкірт аз. Осынысымен ол Оралдың марганец кен орындарынан әлдеқайда артық бағаланады.

Жезділіктер осындай қиын шақта отанға марганецтің қаншалықты қажет екенін білді. Мұның сыртында, мүлдем өндіріс болмаған жерде қыс түскенше (1942ж.) адамдар паналайтын тұрақ, өндіріс ғимараттарын, әлеуметтік-тұрмыстық орындар да тұрғызып үлгеру керек. Сондықтан өнідіріс елдімекен құрлысымен қатар жүргізілді. 1942 жылы 12 маусымда Жезді марганеці тиелген алғашқы автомашина Весовой стансасына жүргізілді. Бұл күн кеніштің ашылған күні ретінде тарихта қалды.

...1943 жылы ақпанда марганец кенінің қоры мен жаңа болжамдарын мәлімдеу үшін Алматыға аттандым. Геология институтынан бөлінген кабинетімде отырсам «Правда» газетінің тілшісі келді. Кен барлау нәтижесі, марганец қорының болжамы, өндіріс көлемі, Магнитогорскіге күніне қанша кен жөнелтілетіні жөнінде сұрады. Соғыс жайында мұндай деректер сұрау мені екіұшты ойға қалдырды. Мәселесінің мәнісін Қ.Сәтбаев түсіндірді. Деректер Бүкілодақтық радиоға қажет екен. Сөйтсем, 1942-43 жалдары Гитлер, әсіресе Геббельс алты ай бойы салтанатты марш әуенімен насихат жүргізіпті. Большевиктер жеңілді, өйткені оларда марганец жоқ, танкілерді құрыштың орнына темірмен, ағашпен қаптап жатыр деп жар салып, Сталинградта жеңісті тойламақшы болыпты. Дәл осы жердегі шайқаста кеңес танкілері асып түсті. Олар Жездіге арнайы тыңшы да жіберген. Диверсия мақсатымен жіберілген фашист жансызы Қызылжар стансасында ұсталып, әшкереленгені әлі есімде.

Қызыл армия Курск доғасында фашистерге естен кетпес соққы берді. Соғыс тарихындағы аса ірі танк бөлімдерінің шайқасында майдан тағдырының беталысы біздің үлесімізге ауды. Жау шегінді. 1944 жылы ақпанында біздің әскер Никопольді, содан соң Кривой Рогты азат етті. Осылайша Жезді, жезділіктер соғыс тағдырын шешуге айрықша үлес қосты. Мұны ұмытпауға тиіспіз. Ұмытуға бола ма?

...Биыл Жезді елді мекенінің жұмысшы қалашығы мәртебесін алғанына 80 жыл. Аймақтың өндірістік-экономикалық, мәдени-әлеуметтік даму тарихында ерекше орын алатын жұмысшылар кентінде кеншілер мен шахтерлер, өндіріс ошағын алғашқы ашушылардың төртінші буын ұрпағы өсіп-жетіліп келеді.

З.Қазанбаева,

Мәкен Төрегелдин атындағы

тау-кен және балқыту ісі

тарихы музейінің басшысы