Жезді кентіндегі Мәдени-сауықтыру орталығында ІІІ облыстық «Ұлы дала өнері» тақырыбында байқау өтті. Ұлттық өнерді дәріптеп, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауды мақсат еткен атаулы шара аясында М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінің этнографиялық қорынан жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін, зергерлік өнерін, ұсталық кәсібін және ата-бабадан мирас болып келе жатқан тұрмыс-салт дәстүрлерін кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру болды.
Көрмеге музей қорында сақталған аймаққа белгілі зергер әрі ұста Бәрменбай Қорғанбаевтың зергерлік бұйымдары мен ұсталық құрал-саймандары, зергер—ұста Хасен Қожасовтың қолынан шыққан зергерлік, әшекей бұйымдары, Ұлытау, Кішітау аймағына белгілі қолөнер шебері Садуақас Бостыбайұлының қолөнер бұйымдары, сондай-ақ өңір шеберлерінің төл туындылары қойылды. Әрбір жәдігер – халқымыздың шеберлік мектебінен сыр шертетін, тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін құнды мұра.
Көрме барысында келушілерге дәстүрлі ұсталық өнердің қыр-сырын таныстыру мақсатында ұстахана жұмысынан көрініс көрсетіліп, металды балқытып, қалыпқа құю әдісі бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алған жүн сабау дәстүрі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көріністер арқылы ұлттық қолөнердің жасалу технологиясы мен оның күнделікті өмірдегі маңызы насихатталды.
Аталған көрмеге музей қорынан барлығы 103 бірлік этнографиялық жәдігер шығарылды.