2026 жылғы 13 қарашада М.Төрегелдин музейінде Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының 80 жылдығына орай Ә.Х.Марғұлан атын. Археология институтының ғалымдарымен және археолог мамандарымен кездесу іс-шарасы өтті.

​Іс-шара бағдарламасы аясында Қарсақбай кентіндегі академик Қ.И. Сәтбаев Музей-үйі мен Жезді музейінде экскурсия ұйымдастырылып, тақырыптық алаңдармен таныстыру жүргізілді.

​Кездесу барысында келесі бағыттар қамтылды:

​Археологиялық тәжірибе алаңында ғалымдар, оқушылар мен ұстаздар арасында ашық сұхбат өтіп, археологиялық қазба жүргізу тәжірибесі көрсетілді.

​«Ежелгі Жезқазған шеберханалары» аймағында Милықұдық пешінің үлгісінде құйма технологиясы таныстырылды. «Қола дәуірге саяхат» интерактивті экскурсиясы барысында ежелгі кеншілердің әдісімен мыс үгіту үдерісі және құмыра жасау технологиясы таныстырылды.

​Қолөнер және далалық ұстахана алаңында металл өңдеудің (шыңдау, қақтау) әдістері тәжірибе жүзінде көрсетілді.

​Іс-шара соңында құрметті қонақтар музейдің экспозициялық залдарын аралап, М. Төрегелдиннің музей-кабинетінде естелік қолтаңба қалдырды.