15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай музейде ауған соғысы ардагерлері және кеңес елі шекарасынан тыс жерлерде әскери борышын өтеген Қарулы күштер ардагерлерімен «Отанға қызмет – қастерлі міндет» тақырыбында ерлік сабағы өтті.
Іс-шара Рәміздер залында Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Бағдарлама аясында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі О.Ермағанбетов оқушылармен әскери оқу-жаттығуларын өткізді. Кездесу көрме залында жалғасып, ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды. «ХХ ғасырдың соңғы соғысы» тақырыптық көрмесі ұйымдастырылып, музей қорынан 62 жәдігер көпшілік назарына ұсынылды.
Шара барысында «ХХ ғ. соңғы соғысы: Жезділік жауынгер-интернационалистер» бейнелекциясы көрсетіліп, ауған соғысында қаза болған жерлестеріміз М.Сансызбаев пен Ғ.Құттыбаевқа арналған «Жауынгер хаты», «Жұлдыз ғұмыр» бейнематериалдары таныстырылды.
Кездесуде Ауған соғысында қаза болған Ғ.Құттыбаевтың нағашысы С.Нағызханов, сондай-ақ ардагерлер М.Бектұрсынов, С.Абданбеков, Е.Әлкенов сөз сөйлеп, сұрапыл соғыстың ауыр кезеңдері мен жас жауынгерлердің ерлігі жайлы тебірене әңгімеледі. Олар жас ұрпақты бейбіт өмірдің қадірін білуге және Отанды қорғауға әрдайым дайын болуға шақырды.
Іс-шара соңында ауған соғысының ардагері Мешітбай Бектұрсыновқа алғыс хат табысталды. Ардагерлер аллеясында Ерлік сабағына қатысушы оқушыларға садақ ату дәрісі ұйымдастырылды.