«Қазақтың құдіреті - қазақтың тілінде». Осындай тақырыпта Мәкен Төрегелдин музейінде мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Әбдіхайымұлы Ысқақпен ерекше кездесу өтті. Белгілі қаламгермен кездесу Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарапынан ұйымдастырылды.

Айта кету керек, Әкім Әбдіхайымұлы - жазушы, журналист, «Құрмет» орденінің иегері, 30 - ға жуық кітаптың авторы.

Іс - шараны облыстық тілдерді дамыту орталығының басшысы Құрмет Тілеулин ашып, жүргізді. Жиынға ардагерлер, кент әкімшілігінің қызметкерлері, кент мекемелерінің өкілдері, кітапханашылар мен оқырмандар, ауыл жастары қатысты. Кеш барысында жазушының өмір жолы, шығармашылығы ортаға салынды. Қаламгер Әкім Әбдіхайымұлы төл туындыларының шығу тарихын баяндады. Тәрбиелік мәні терең, тарихи маңызы бар патриоттық тақырыптарға ұласқан шараның ой саларлық тұстары көп болды. Кеште әуесқой сазгер М.Уатаев автордың бірегей туындысы - "Көңіл қымбат" әнін орындады.

Кездесу қонағы қасиетті Ұлытауға табан тірегеніне қуанышты екенін білдіріп, жұртшылықтың құрмет - қошеметіне алғысын жеткізді. Жезді кентінің ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Рақымбеков кеш қонағына ізгі тілегін білдіріп, сый - құрмет көрсетті.

Жиын әсерлі өтіп, рухани нәр алғысы келген адамдар үшін ерекше мәнге ие болды. Кездесу соңында Әкім Ысқақ "Жақыныңды жоғалтпашы", «Әкеммен сырласу» кітабын Жезді кітапханасына сыйға тартты. Сонымен қатар музей экспозицияларымен танысты. Кездесуге аймағымызға белгілі тарихшы М.Сейтжанұлы мен Ұлытау облысы мәслихатының депутаты, журналист Б.Үмбетова қатысты.