Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама еліміздегі еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, жастарды нақты мамандық иесі болуға ынталандыруға бағытталған. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Қара шаңырақтағы еңбек күні» тақырыбында еңбек ардагерлерімен көрме - кездесу өтті. Кездесу 1928 ж. 19 қазан түсті металлургияның қарашаңырағы Қарсақбай мыс заводында алғаш балқыма алынған күнге орай академик Қ.Сәтбаевтың Музей - үйінде ұйымдастырылды. Жиынға қатысушы аймақ ардагерлері Қазақстан өнеркәсібініӊ тарихындағы алғашқы мыс өндірісі жайында әңгіме өрбітіп, естеліктерімен бөлісті.
Кездесуде Ұлытау ауд. маслихатының хатшысы А.Құрмансейіт, Сәтбаев қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Ахметов, «Шындық» қорының төрағасы А.Дастанов, Қазақстанның Еңбек Ері Т.Макишев, Қарсақбай мыс заводының еңбек ардагерлері А.Маменов, С.Нұрмағанбетов, аймаққа танымал өнер майталманы, жыршы М. Қожахметов, завод ардагерлері кеңесі төрайымы Қ.Алпысбаева, ҚР Ұлттық музейінің көрме - экспозиция бөлімінің жетекшісі А.Нұрмағанбетов сөз сөйледі. Іс - шара барысында арнайы дайындалған тақырыптық көрмемен танысты. Еңбек күніне арналған көрмеге мыс өндірісі тарихында өшпес із қалдырған алғашқылар мен құрметті металлургтер, инженер - техниктер, даңқты өндіріс жетекшілерінің жеке комплекстерінен 200 - ге жуық жәдігер шығарылды.
Біздің өлке мысымен ғана емес елжанды тұлғаларымен де танымал. Солардың бірі - өлкетанушы, қарашаңырақ Қарсақбайдың жанашыры Тоңболат Мұқанұлы. Білімдар әрі жан - жақты азамат Жезқазған даласында өсетін жабайы қызғалдақты жерсіндіріп, өз бақшасында өсірген табиғат жанашыры да болды. Жезқазғанның сирек байлығындай қызыл кітапқа енген дала гүлдерінің тұқымы ардагердің бақшасынан арнайы әкелініп,академик музейінің ауласына отырғызылды. Бұл Т.Мұқанұлының көзі тірісіндегі аманаты болатын. Рәсімге еңбек ардагерлерімен бірге Т.Мұқанұлының балалары да қатысты.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/235-ardagerlermen-kezdesu-3.html#sigFreeId195fef35b2











