Музейдегі саяхат сабақ

Бүгін М.Төрегелдин музейінің минерал залында №6 тірек мектебінің 5 сынып оқушыларына «Ежелгі тас дәуірі» тақырыбында танымдық бейнелекция сабақ өтті. Қазақстан тарихын оқудың алғашқы сатысын бастаған оқушыларға тас дәуірінің кезеңдері, адамзат дамуының ерекшеліктері, алғашқы адамдардың тас өңдеу мен құрал жасау өндірісі жан-жақты әңгімеленді. Сабақ барысында оқушыларға кремнийден жасалған тас құралдар, микролиттер т.б. қазба жәдігерлері таныстырылды. Балта мен балға тәрізді тас құралдар мен кен үлгілері, жануарлар сүйектеріне назар аударған оқушылар ежелгі адамдар тұрмысы жайлы өздері әңгімелей жөнелді. Петроглифтерге қарап, ондағы бейнеленген жануарларды бірден анықтай алды. Саяхат сабақ одан әрі ашық аспан астындағы кола дәуір металлургтері қонысы экспозиция алаңында жалғасын тапты. Ауқымды тақырыпты жеткіншектерге игертіп, музейлік сабақты қызықты әрі мазмұнды ету мақсатында оқушыларға тас құралдарын жасау және оны пайдалану тәсілдері ұсынылды. Музейлік сабақ жеткіншектер үшін ұлы дала өркениетін ұғынудың алғашқы қадамы болды.