Ұлттық тағамдар қазақтардың күнделікті тұрмысының міндетті атрибуты ғана емес, сонымен қатар оларға тән қонақжайлылықты, салт-дәстүрді және көшпелі мәдениеттің элементтерін бейнелейді.

Биыл жазда Мәкен Төрегелдин музейіне атақты этнограф Константин Куксиннің шәкірті, жас зерттеуші Виктор Пикулин қазақтың салт-дәстүрімен етене танысу үшін арнайы келді. Оның сапары музей жоспарына сәйкес ұлы ойшыл, ақын, ағартушы А.Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған танымдық іс-шарамен тұспа-тұс келді. Шара барысында Абайдың «Жаздыкүн шілде болғанда...» өлеңінің негізінде жайлауға келіп қонған қазақ ауылының бір күндік тұрмыс-тіршілігі көрсетілді. Музейге келген ардагер аналар Ж.Смағұлова, З.Орынбаева, Ж.Шортанбаева жас зерттеушіні қазақ халқының дәстүрлі сүт өнімдерінен алынатын тағамдар - қаймақ, май, айран, құрт, ірімшіктің жасалу жолымен таныстырды. Музей мамандары олардың пайдалы қасиеттері мен дәрумендері жайында барынша әңгімеледі. В.Пикулин өз қолымен құрт қайнатып, шыптадан жасалған өреге жайды. Интерактивті экскурсия барысында  диірмен тартып, күбі пісті. Ауыл аналары күбіні ыстауда неліктен тобылғы бұтасы пайдаланылатынын әңгімеледі. Қазақтың дәстүрлі сусынынан дәм татты. Шетелдік қонаққа қазақтың көшпелі тұрмысы мен мәдениетінің символы болған бұл сусынның  пайдалы қасиеттері жан-жақты баяндалды. Диірменде тартылған талқаннан кептірілген сары ірімшік қосып  жент жасау жолы көсетілгенде ерекше қызығушылық танытты.

Ұлтық тағамдар – бұл елдің бай тарихы мен мәдениетінің көрінісі. Қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшелігі мен құндылығы, олардың жасалу жолдары мен қазақ халқының қонақжай дәстүріне ерекше тәнті болған шетелдік қонақ В.Пикулин шара соңында музей ауыл тұрғындары мен музей ұжымына өз ризашылығын білдірді.