19 тамыз күні Мәкен Төрегелдин музейінің ардагерлер аллеясында күйші-домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаевпен кездесу өтті. Қазақтың «Күй-Шәмілі» атанған күйшіні Жезді кентіндегі Мәдени сауықтыру орталығының домбыра үйірмесінің оқушылары күй шашумен қарсы алды. Кездесуді музей басшысы З.Қазанбаева ашып, күйшінің шығармашылығына қысқаша тоқталып өтті. Кездесу барысында дара тұлғаға бірқатар сұрақтар қойылды.

Шәміл Әбілтаев сөзін Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Меңдекеш Сатыбалдиевтің бір шумақ өлеңімен бастап, өзін зор құрметпен қарсы алған жас ұрпақ өкілдері мен музей ұжымына ризашылығын білдірді. Кездесуде күйші Баламайсаңның «Дүние ғапыл» күйін, өзінің төл шығармалары «Ұлытау-Жошы хан», «Жер ұраны - Ұлытау» күйлерін күмбірлетті. Күйдің құдыретіне кездесуге қатысушылар ұзақ қол соқты.

Жезді кентіндегі МСО-ның жас мамандары К.Атаханова мен Н.Естаев қадірлі мейманға күй шашу ретінде «Қолбасшы» күйін нақышына келтіріп орындап берді. Күйшілердің шабытына риза болған Ш.Әбілтаев өзінің шығармашылығындағы күйлердің нотасын тарту етті. Кездесу соңында Шәміл күйші жас домбырашылармен бірге Құрманғазының «Балбырауын» күйін бірге орындады. Музей экспозицияларымен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.