Тамыздың 6-сы күні Мәкен Төрегелдин музейінде ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жаздыкүн шілде болғанда...» тақырыбында интерактивті музейлік сағаты өтті. Ұрпаққа ғибратты да мәнді туындыларды мирас еткен А.Құнанабаевтың шығармашылығына арналған іс-шараға кенттің ардагерлері, аудандық маслихат депутаттары, Жезді кентінің мәдени сауықтыру орталығының ұжымы, мектеп ұстаздары мен оқушылары және Мәскеулік жас зерттеуші В.Пикулин арнайы қатысты. Мерекелік шарада музей жанашырлары Қ.Құлахметов пен Т.Рақымбеков Абайдың шығармашылық жолы жайында тағылымды әңгіме өрбітті. Қонақкәде ретінде әнші А.Смағұлов Абайдың «Сегізаяқ» әнін орындап берді. «Мұрагер» жас таришылар клубының мүшелері мен музейдің ең кішкентай бүлдіршіндері қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан ұлы тұлғаның шығармаларынан үзінділер оқыды. Мәдени сауықтыру орталығының өнерпаздары күмбірлеген күйлерін тарту етті. Кездесуде ақынның өмірі мен шығармашылығын баян ететін мағлұматтардан бейнелекция көрсетілді. Көпшілік назарына Ұлы Абайдың шығармалар жинағынан Жезді кенті кітапханасымен бірлескен кітап көрмесі ұсынылды.
Кездесу соңында тағлымды шараға атсалысқан музей жанашырларына және Абай әндерін жатқа оқыған бүлдіршіндерге Алғыс хаттар тапсырылды. Шараға қатысушы қонақтар мен музей ұжымы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай » әнін бірге орындап тарқасты.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/228-zhazdyk-n-shilde-bol-anda-muzejlik-sa-aty.html#sigFreeId323c5c0b88