12 маусым - өлке тарихындағы ерекше күн. 1942 жылы маусым айының алғашқы күндерінде Жезді өзені аңғарынан майдан үшін аса қажет марганец кені Магнитогорскіге жөнелтілді. Бұл күн марганец кен басқармасының ашылған күні болып тарихта қалды. Соғыс жылдары елімізге қажетті броньға қосатын марганецтің 80 пайызын Жезді кеніші берді. Әрбір екінші танктың сауытында Жезді марганецінің қоспасы болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші шайқасы - Курск доғасындағы танкілер шайқасында (екі жақтан 13,2 мың танкі қатысқан) біздің танкілеріміз оқөтпес беріктігімен жеңіп шықты.
1942 жылы Жезді аңғарында шамамен төрт мыңдай адам еңбек майданында жанқиярлықпен жұмыс істеді. Жергілікті тұрғындар түгелдей майдан үшін еңбек вахтасына тұрды.
2025 жылғы 13 маусым күні соғыс жылдары кен өндірген алғашқы құрлысшылар жайлы музей қорында жинақталған деректер негізінде жаңа көрме ашылды. Қаһарман өндірістің ерлеріне арналған көрменің басты кейіпкері - Ленин орденді шахтер Қойшығара Досетов.
1942 жылы Айыртау өңірінен еңбек майданына аттанған жас жігіттен майталман кеншіге айналған жерлесіміздің туғанына биыл 100 жыл толды. 1942 жылғы қараша айынан 1948 жылдың мамыр айына дейін «Карагандауголь разрез» басқармасында көмір қазушы, дәрі аттырушы болып еңбек еткен Қ.Досетов елге оралып, марганец кенішінде еңбек жолын жалғастырды. Қарағанды шахтасының бірінде басшы болған Файзулла Серғазиннің жетекшілігімен дәрі аттырушы мамандығын игерген маман Жездіге келгенде марганец кенішінің кен өндіру жұмыстарының ұйымдастырушысы инженер Әбдірахман Тоқтыбаев мамандығы бойынша дәрі аттырушы жұмысын ұсынды.
«1941 - 1945 ж.ж. Ұлы отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған білікті жас маманның еңбектегі жетістіктері көп ұзамай «Ерен еңбегі үшін», «ІІІ Дәрежелі Шахтер Даңқы», «КСРО - ның Құрметті кеншісі» белгілерімен толықты. 1971 жылы Қ.Досетов КСРО - ның жоғарғы наградасы - Ленин орденімен марапатталды. Қайламен көмір қазып еңбек жолын бастаған кенші 40 жыл Жезді шахталарында дәрі аттырушы болды.
Жұмысшы мамандықтардың ең ауыры, қатерге толы мамандығы - кенші. Жер асты өндірісінде өмірін қатерге тіге отырып ел игілігі үшін жер асты байлығын өндірушілер еңбегі бүгінге дейін үзілмей, жалғасып келе жатыр. Кеншілер қандай құрметке болса да лайық.
Қ.Досетовтың туғанына 100 жыл толуына орай Жезді музейінде өткен кездесуге келген жезділіктер мен іс шара қонақтары Ленин орденді кеншінің өмірінен естеліктер айтып, қарапайым еңбек адамы қатерлі мамандық иесі бола тұра асқан жұмсақ мінезді, жанашыр да қамқор, елге сыйлы жан болғанын еске алды.
Майталман кенші ұрпақтары - шөберелері атасына арнап өлеңдер оқып, кездесуді күймен өрнектеді. Музей қонақтары туған өлке тарихынан сыр шертетін көрмемен танысып, жезділік кеншілерді еске алып тарасты.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/227-a-arman-ndiris-erleri-k-rme-kezdesu.html#sigFreeIdb1691a8ba2