2025 жылдың 8 мамыр күні Мәкен Төрегелдин атындағы тау - кен және балқыту ісі тарихы музейінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» тақырыбында дәстүрлі ұрпақтар кездесуі өтті. Кездесу «Жеңіс рухы» айлығы шеңберінде ұйымдастырылды.
Кездесуге өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Кент имамы М.Жақыпбек 1941 - 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, ортамызда жоқ барлық майдангерлер мен тыл ардагерлерінің рухына құран бағыштады. Іс - шараны Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Қайратұлы ашып, жиналған жұртшылықты Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. Жиында Ұлытау ауданы, қорғаныс істер департаментінің басшысы, майор Дәурен Болатбекұлы, тыл ардагері О.Мырзабаева, ардагер ұрпақтары атынан Р.Төрегелдин, З.Жетпісбаева, Бақыт, Базар Жолдыбаевалар сөз сөйледі. Сонымен қатар Жезді кентінің әкімі М.Досымбекұлы аудандық маслихат депутаты З.Қабденқызымен бірге тыл ардагері О.Мырзабаеваға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстап, елге сіңірген қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді. Аудандық маслихат депутаты А.Смағұлов құттықтау сөз сөйлеп, «Ескерткіш» әнін орындап берді.
Ардагерлер аллеясында әскери дала қосыны мен майдандағы жауынгерлердің бір күнін бейнелейтін көрме - инсталляция жасалды. Музей қызметкерлері Баубек Бұлқышевтың хатынан үзінді оқыды. Әсіресе, майдандағы қазақ батырының өмір мен өлім жайындағы толғанысы кездесуге жиналғандарға ерекше әсер етті.
Жиынға қатысушы қонақтар дәстүрге сай ардагерлерден аманат болған қайыңдарды суару үшін аллеяға өтті. «Жеңіс рухы» патриоттық айлығы шеңберінде ұйымдастырылған «Батырлығы мен Ерлігі үшін», «Отан үшін от кешкендер», «Ардагер альбомдары сыр шертеді» жаңа тақырыптық көрмесімен танысты. Іс - шара соңында қонақтар далалық асханадан дәм татты.