Ұлы Жеңіс:Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі республикалық іс шаралар аясында музей ұжымы ардагер ұрпақтарымен, жастармен бірлесіп «Майдангерге тағзым» акциясын бастады. Акция мақсаты Жезді кентінің аумағында жерленген ҰОС ардагерлерінің қабірлерін ретке келтіріп, ХХ ғ. батырлары рухына тағзым ету. Іс-шара Жезді кентіндегі екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен боздақтар монументінен бастау алады.

Бұл күні Жезқазған-Жезді тас жолы бойындағы қорымда жерленген майдангерлер Ә.Байқоңыров, А.Құлажанов, М.Төрегелдин, Ә.Қоңырқұлжинов, Р.М.Қоңырқұлжинова, С.Әлібеков, М.Яхиннің ұрпақтарымен бірге зираттарға барып, аталар басына құран бағышталды, естеліктер айтылды. Майдангер А.Құлажанов пен М.Төрегелдиннің балаларының бастамасымен әкелерінің басына ақ терек көшеттері отырғызылды.

Бейбіт күннің әрбір атқан таңы үшін,
Миллиондардың құрбан болған жаны үшін,
Әр жүректің, әр түлектің бойына
Сіздер сепкен ар-намыстың дәні үшін,
Бәрі, бәрі, бәрі үшін
Біз сіздерге қарыздармыз.