Ұлы Жеңіске 40 күн қалды.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» жалпыреспубликалық музейлік акция аясында Жезді музейінде кезекті көрме-кездесу өтті. Жоспарға сәйкес кері есептеу күнтізбесінің кезекті шарасы Жезқазған қаласы академик Қ.И.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей мен «Тағзым-Поклонение» қоғамдық-патриоттық бірлестігінің көрмесімен жалғасын тапты. Бұл ерекше кездесу болды.
«Тағзым-Поклонение» қоғамдық бірлестігі тарихи жадыны сақтау, аға ұрпақтың ерлігін ұлықтау, сол сұрапыл соғыста хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестірумен 2014-2015 жылдан бастап жүйелі түрде айналысқан бірден бір ұйым. Кездесуде осы бастаманың жетекшісі Кенжал Балкенұлы қолға алған үлкен сауапты істің мәнін жан-жақты әңгімеледі. «Тағзым» қоры 1941-1945ж.ж. соғыс ұрыстары өткен жерлерде болып, Жезқазған-Ұлытау аймағынан аттанған көптеген жерлестеріміз жерленген орындарды анықтады. Ұлытау-Жезқазған өңірінің азаматтарын ұйымдастырып Москва, Ленинград, Сталинград, Курск майдандары өткен от ошақтарында болды. Хабарсыз кеткен майдангер ұрпақтары ата - бабалары жерленгенген зираттарға барып, зиярат етуге мүмкіндік алды. Қоғамдық бірлестіктің өлшеусіз еңбегінің арқасында хабарсыз кеткен жауынгер Мұңсызбаев Смағұлдың зиратына барған Нұржамал Әбсалыққызы, атасының зиратын іздеген еңбек ардагері Төлеген Амантаев кездесуге қатысты. Бабалар аруағына тағзым ету сапары жайлы әңгімелеп, сауапты іске мұрындық болған бірлестік жетекшісіне алғыстарын жеткізді.
«Тағзым-Поклонение» қоғамдық ұйымның жұмысы жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятуға септігін тигізетіні сөзсіз. Кездесуге келген жезділік майдангер ұрпақтары мен қатысушылар әкелері қатысқан соғыстың бұрын естіп-білмеген деректерін білді. Хабарсыз кеткендер зираттарын іздеу мен анықталған деректер бойынша қазақстандық майдангерелер есімдерін Ресесйдегі әрбір елді мекендегі бауырластар зиратына жаздыруды да атқарған К.Балкенов мектеп ұстаздары мен жас жеткіншектер осындай істен тыс қалмау керегін айтты. Әлеуметтік желіні меңгерген жастарды Ресей сайттарындағы деректерді іздеп, әлі де анықталмаған жауынгерлер деректерін табуға үлес қосуға шақырды.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/223-belgisiz-erlik-zha-yry-y.html#sigFreeId2764a787cd