Мәкен Төрегелдин музейінде Жезді кентінің 80 жылдығы аясында ашық қор көрмелері өткізілуде. «Өлкедегі оқу-ағарту ісінің тарихы» тақырыбындағы көрме - кездесуге Жезді кентінің мектептерінде еңбек еткен ардагер ұстаздар Кучер Татьяна Александровна, Бикен Бейсенбаева, Ырысжан Мейірманова, Дүйсенкүл Елемесова, Бижан Әшірбекова, Ұлытау ауд. мәслихат депутаты З.Балшықбаева, музей ардагері М.Уатаев және мектеп - интернатының оқушылары қатысты. Биыл ұлағатты ұстаз, Жезді ауданының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ілияс Құсайыновтың туғанына 100 жыл толуына байланысты бірге еңбек еткен ұстаздар еңбек жолдарындағы естеліктерімен бөлісіп, әңгіме өрбітті. Ілияс Құсайынов ұстаз, тәлімгер ретінде бірнеше буын түлектер жүрегінде қалды. Іс-шара барысында Құрметті ұстаз, «Қазақ ССР оқу ағарту ісінің үздігі» І.Құсайынов жайлы деректерден бейнеслайд көрсетілді. Құрметті қонақтарға бастауыш сынып оқушылары ән арнап, өз қолдарымен жасаған ашық хаттарын сыйға тартты. Тақырыптық көрмеге Жезді аудандық білім бөлімінің ұстаздарының комплекстері, оқу-ағарту ісінің озық қызметкерлерінің деректік құжаттары шығарылып, таныстырылды. Кездесу соңында қонақтар М.Уатаевтің орындауындағы «Ұстазым» әнін бірге шырқады. Музей қорынан көрмеге 84 бірлік жәдігерлер шығарылды.