4 шілде күні Жезді ауылының кеші ән мен күйге бөленіп, жүрекке жылы құлаққа таныс қазақ әуендері әуеледі. М.Төрегелдин музейінің ұйымдастыруымен «Жезді жұлдыздары» халықтық ән - би ансамблінің 70 жылдардағы мүшелері бас қосып, көрермендерге әдемі кеш сыйлады. «Жездім деп шырқап асқақ ән» кешкі кездесуі Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылды. Жезді кентінің әкімі М.Жұмабек, Ұлытау ауданының мәдениет бөлімінің басшысы Н.Жолаушыұлы өнер ардагерлерін ансамбльдің 50 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Жезді жұлдыздары» ансамблінің 1970 - 80 ж.ж. солистері Т.Рахымбек, С.Сейтмағанбетова, вокалистері З.Мекебаева, Г.Нысанбаева, Ғ.Махметова өнер ұжымының алғашқы бағдарламаларынан әндер орындады. Ұлт аспаптар оркестрінің бас домбырашысы М.Аймағанбетов жасөспірім өнерпаздармен қосылып бірнеше күй орындады. Ардагер өнерпаздардың өнерін ансамбльдің аспапшысы, өнер майталманы М.Қайсынов сүйемелдеді. «Жезді жұлдыздары» ансамблінің көркемдік жетекшісі Т.Қайсынов пен К.Нұғманованың өнерлі ұрпақтары кездесуге арнайы келіп, арнайы бағдарлама ұсынды. Кеш қонақтары өнер ұжымының тарихынан әсерлі естеліктерімен бөлісті.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/210-n-men-k-j-keshi.html#sigFreeId76268a02b6