Дәстүрлі ұрпақтар кездесуі
2024 жылдың 7 мамыр күні Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай «Дәстүрлі ұрпақтар кездесуі» өтті. Кездесу «Жеңіс рухы» айлығы шеңберінде ұйымдастырылды.
Кездесуге еңбек ардагерлері, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Кент имамы М.Жақыпбек 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, ортамызда жоқ барлық майдангерлер мен тыл ардагерлерінің рухына құран бағыштады. Іс-шараны Жезді кентінің әкімі Мұратбек Досымбекұлы ашып, жиналған жұртшылықты Жезді кентінің 80 жылдығымен құттықтады. Жиында Жезді марганец кенішінің ардагері С.К.Борисенько, еңбек ардагері Қ.Құлахметов, Жезді кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Рақымбеков, ардагер ұрпақтары атынан Р.Төрегелдин және Қ.Аймағанбетов сөз сөйледі. Кездесу барысында әуесқой сазгер М.Уатаев «Ардагер» әнін орындап берді.
Жиынға қатысушы қонақтар дәстүрге сай ардагерлерден аманат болған қайыңдарды суару үшін аллеяға өтті. Іс-шара соңында «Жеңіс рухы» патриоттық айлығы шеңберінде ұйымдастырылған «Отан үшін от кешкендер», «Ардагер альбомдары сыр шертеді» жаңа тақырыптық көрмесімен танысты.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/205-d-st-rli-rpa-tar-kezdesui-2.html#sigFreeId3e396ce4c2