«Қаныш. Қарсақбай. Үлкен Жезқазған: кеше және бүгін». Осындай тақырыппен академик Қ.Сәтбаевтың Музей – үйінде Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің бастамасымен кездесу өткізілді. ҰҒА іргесін қалаушы, академик Қ.И.Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы мен Музей - үйдің ашылғанына 55 жыл толуына орай ғалымның тұрған үйінде өткізілген рухани жиынға қатысушы аймақ ардагерлері Қ.Сәтбаев ғұмырнамасындағы қайталанбас құндылықтармен бөлісті.
Іс - шараны Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары А.Сакипов ашып, кездесу модераторы Қ.Смағұлов жиынды жүргізіп отырды. Аталмыш кездесуде ұлы тұлғаның Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау аймағындағы өмірі мен қызметіне қатысты тұщымды пікірлер, естеліктер айтылды.
Кездесуде Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қожамсейітов, Жезқазған қ. ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Қазамбаев, ҚР еңбек сіңірген артисі, ақын, сазгер Б.Көшенов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Есенов, Жезді музейінің ардагері Р.Төрегелдин және Қарсақбай кентінің еңбек ардагерлері А.Маменов, Ұ.Қожасова, Қазақмыс корпорациясы Қарсақбай филиалы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Аманқұлова сөз сөйледі. Кент мәдениет үйінің өкілдері мен агротехникалық колледждің студенттері қонақтарға ән мен күйін тарту етті. Кездесуден кейін ардагерлер Қарсақбай кентінің мәдени нысандарын аралады.

#Қ_Сәтбаевтың_туғанына_125_жыл