Қалыптасқан дәстүр бойынша бүгін музейде «Алтын тамыр» этнографиялық айлығының 12-ші маусымы ашылды. Айлық халық мұрасы мен қолданбалы өнер, дәстүрлі қолөнер мұраларын дәріптеуге арналған «Шебер – 2024» фестивалімен ашылды. Фестивальдің басты тақырыбы «Таңбадан тұскиізге дейін». Адам баласының тұрмыста ең алғаш бұйым ретінде тұтынған шикізаты жүн және одан жасалған өнімдер. Текемет, алаша, тұскиіз, бітпес, киіз үй жабдықтары, т.б бұйымдардың бетіне түскен ою-өрнектер – ой-сананың символдары. «Әлемді сөздер мен заңдар емес, символдар билейді» дейді шығыс тәмсілі. Көрісу күніне тұспа-тұс келген іс-шараны Жезді кентінің әкімі М.Жұмабек ашып, жұртшылықты Ұлыстың Ұлы мейрамымен құттықтады. ҚХА Ұлытау облысы Аналар кеңесінің жетекшісі Г.Сейтжанова, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Ш.Молдағалиева, Ш.Ділдебаев ат. мәдениет үйінің өкілі Г.Жиеналиева, Сәтбаев қ. №7 мектептің еңбек пәні мұғалімі Б.Тұрысбекова, №6 Жезді тірек мектебінің ұстазы Ш.Жұманова, ардагерлер атынан Қ.Құлахметов, Ұлытау ауд.мәслихат депутаты З.Балшықбаевалар сөз сөйлеп халқымыздың төлтума өнерін насихаттаудың маңызына тоқтады. «Алтын тамыр» айлығы шеңберінде музей қорынан көрмелер, заманауи өнер түрлерінен шеберлік дәрістері, бейнелекциялар өткізілетін болады. Халқымыздың дәстүрлі қолөнер мұраларымен танысқыңыз келсе, ою-өрнек тілінің әліппесін үйреуге ниет білдірсеңіз 14-31 наурыз аралығында көрмеде кездесейік.