Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына - 35 жыл толуына орай 2024 жылдың 9 ақпанында №6 ТМ (РО) КММ-де ауған соғысының және кеңес елі шекарасынан тыс жерлерде міндетін өтеген Қарулы күш ардагерлерімен кездесу өтті. Осыған байланысты Мәкен Төрегелдин музейі Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміз жайлы деректерден «ХХ ғасырдың соңғы соғысы» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырды. Іс-шара Мемлекеттік Әнұранмен басталып, одан әрі ауған соғысында қаза болған жауынгерлерді үнсіздікпен еске алуға жалғасты. Бағдарлама шеңберінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі О.Ермағанбетов оқушылармен әскери оқу-жаттығуларын өткізді. Кездесу ардагерлермен дөңгелек үстелде еркін әңгімемен жалғасты. Музей қорынан Ауған соғысында қаза болған жезділік жауынгерлер М.Сансызбаев пен Ғ.Құттыбаевтың майдан жолдары баяндалған бейнематериал көрсетілді. Ардагерлер М.Бектұрсынов, Б.Бірмағанбетов, Е.Әлкенов сұрапыл соғыстың ащы дәмін татқан ауыр күндерін, сол кездегі 18-20 жас аралығындағы жастардың интернационалдық борышын өтеу жолындағы ерліктері жөнінде әңгімелеп берді. Ардагерлер қазіргі жастарды бейбіт өмірді сақтауға, Отанды қорғауға әрдайым дайын болуға шақырды. Кездесу соңында оқушылар ардагерлермен естелік суретке түсті. Жылжымалы көрмеге музей қорынан 53 бірлік жәдігер шығарылды.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/196-au-an-so-ysy-ardagerlerimen-kezdesu.html#sigFreeIdcccdbfeb91