«Дүниеде не өлмейді,
Жақсының аты өлмейді
Ғалымның хаты өлмейді»
«Таңертеңгі мезгіл еді.Шай ішіп отырғам.Үйдегі радиотабақ кенет өзге сөз құрығандай: «Қаныш Сәтбаев дүниеден қайтты» дегені.Біреу желкемнен түйіп қалғандай болды.Есімнен айырылып қалыппын. Билет алу үшін аэропортқа келсем Қан-ағаның ақ жүзін көріп,топырақ салайын деп келіскендей ескі бұрғылаушылардың бірталайы әуежайда жүр, ал Алматыға билет жоқ» - деп есіне алады байырғы барлаушы Халық Темірбаев («Қазақтың Қанышы» Медеу Сәрсеке 578-бет).
Осы оқиғаның өткеніне де бүгін 60 жыл болған екен.
2024 жылдың 31 қаңтарында халқымыздың ақылшысы, данасы, көшбасшысы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты еске алуға арналған әдеби-рухани кеш өтті. Қарашаңырақ Қарсақбайдағы академиктің музей -үйінде ұйымдастырылған кездесуге мектептің 10-11 сынып оқушылары қатысты. Оқушылар ғалымның жастық шағынан сыр шертетін естелік әңгімелермен сусындады. Кездесу соңында атамыздың әруағы ырза болсын деген ниетпен бабалар салтына сай «жеті нан» таратылып, құран бағышталды. Кештің тартымды өтуіне №15 Қарсақбай мектебінің ұстазы Д.Есенбаев үлес қосты.
Айдан анық:ғалымның өмірі небәрі алпыс бес жылмен шектелсе де, қайта жалғасқан мәңгілік ғұмыры туған халқымен бірге жасап келеді.
Сәтбаев тағдыры –ел тағдыры. Сәтбаев ғұмыры- қазақ зиялыларының ортақ ғұмыры. Ендеше, сол ғұмырды түбегейлі біліп, ғибрат алу- үлкен-кішімізге мұрат болсын!Жастарымызға ғалымның жолын берсін!
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/195-b-l-k-n-tarikhta.html#sigFreeIdd2584a8f1f