Республика күніне арналған іс шаралар шеңберінде М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінде ардагерлер аллеясында кездесу және «Мен жанбасам лапылдап...» атты алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына  130 жыл толуына арналған өлең оқу сағаты өтті. Қарсақбай, Жезді кенті мектебі мен колледж студенттері ақынның жалынды өлеңдерін оқыды. М.Жұмабаевтың шығармашылығы жайлы бейнелі лекция өтті. Ақын өлеңдерін жатқа оқыған 4 сынып оқушысы Айару Талғатқызына  музей қонақтары мен қатысушылар риза болды.

Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесі мүшесі Ш.Үмбетов, музей жанашырлары Қуаныш Камалқызы,  2001 жылы музейдің ардагерлер аллеясында қарағай көшеттерін отырғызу шарасына қатысушы Ә.Азнабай келіп қатысып естеліктер айтты. Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты А.Смағұлов ауыл жастарына туған жер тарихын оқып білуге, музейлік мерекелер мен танымдық кездесулерге қатысудың маңыздылығы жайлы әңгімеледі.  Кешегі күн тарих, оның куәгерлері де жыл санап азайып барады. Музей сол деректерді сақтап, жаңғыртушы,-деді музей жанашырлары.

Кездесу соңында музей басшысы ақын өлеңдерін оқыған оқушыларға Алғыс хаттар тапсырды. Музей методисі сөз алып ауылдастарын мерекемен құттықтап, туған жерге деген сезімді оятатын «Атамекен» әнін орындады. Дәстүр бойынша кеш соңында барлық қатысушылар ардагерлер  аллеясында Тәуелсіздік қарағайлары жайлы әңгімелерді тыңдап, суретке түсті.