Дәстүрлі ұрпақтар кездесуі
2023 жылдың 8 мамыр күні Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай «Дәстүрлі ұрпақтар кездесуі» өтті. Кездесу «Жеңіс рухы» айлығы шеңберінде ұйымдастырылды.
Кездесуге өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Кент имамы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, ортамызда жоқ барлық майдангерлер мен тыл ардагерлерінің рухына құран бағыштады. Кездесуге жиналғандарды Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Батырбекұлы Мырзабеков құттықтады және музейге сый-сыяпат жасады. Жиында Ұлытау обл. ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР Ардагерлер кеңесінің мүшесі Сағындық Үсенұлы, Ұлытау ауд мәслихат хатшысы Ахат Құрмансейіт, Қарсақбай кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқали Мәменов, Мемлекеттік қызмет ардагері Құсайын Төлеубаев, еңбек ардагері Шаяхмет Үмбетов, ардагер ұрпақтары атынан т.ғ.к. Марат Төрегелдин сөз сөйледі. Кездесуге Жезқазған-Ұлытау аймағымен қоса Астана, Қарағанды қалаларынан арнайы келген ардагер ұрпақтары қатысты.
Ардагерлер аллеясында майдандағы жауынгерлердің бір күнін бейнелейтін көрме-инсталляция жасалды. Музей қызметкерлері Баубек Бұлқышевтың «Шығысұлына хат» публицистикасы ізімен Қ.Аманжоловтың «Абдолла» поэмасынан үзінді оқыды. Әсіресе, майдандағы қазақ батырының соңғы сөзі кездесуге жиналғандарға ерекше әсер етті. Ардагер ұрпақтары арнайы әзірленген фотоаймақта естелікке суретке түсті. Жиынға қатысушы қонақтар дәстүрге сай ардагерлерден аманат болған қайыңдарды суару үшін аллеяға өтті. Іс-шара соңында Қоғам және мәдениет қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Мәкен Төрегелдиннің туғанына 100 жыл толуына байланысты «Тарих және тұлға: Мәкен Төрегелдин» жаңа көрмесімен танысты.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/186-d-st-rli-rpa-tar-kezdesui.html#sigFreeId4a5988ebc9