Осындай тақырыппен Жезді кентіндегі М.Төрегелдин ат. тау-кен және  балқыту ісі тарихы музейінде  ерекше кездесу өтті. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар қатысты. Музей қорына 20000-шы экспонатты тіркеу рәсімі мәдени-тарихи білім беруге арналған музейлік жобаларды таныстырудан басталды.

        Кездесуде Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері С.Қожамсейітов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының І- ші орынбасары Д.Жұманов, Қарағанды обл. мәдениет басқармасының бас маманы А.Есмағанбетова, аудандық мәслихат депутаты А.Құрмансейіт, ардагерлер Р.Төрегелдин, Ш.Үмбетовтер шығып сөйледі. Музей қорына қабылданған 20000-шы жәдігер -  сүйекті кебежені өткізуші Ш.Жанбосынов атасынан қалған мұраның тарихымен таныстырды.

        Кездесуге қатысушыларға «Ежелгі Жезқазған қонысы» экспозициясының кеңейтілген нұсқасы және ХІХ ғ. соңы ХХ ғ. басындағы қазақ ауылдарындағы ұстахананың реконструкциясы таныстырылды. Жаңа экспозиция музейдің ашық аспан астындағы көрмелері қатарын толықтыратын ерекше нысан. Мұнда музей қорындағы ұсталар мен теміршілер, зергерлер мен шеберлер жинақтамасының ең таңдаулы коллекциясы көрсетілетін болады.