#18_шілде-Металлургтер_күні

 

Кездесу «Сәтбаевтар отбасында қонақта» музейлік іс-шаралар циклі шеңберінде өтті. Көрменің негізгі кейіпкері «Құрмет белгісі» орденінің иегері, КСРО-ның Құрметті металлургі Нұркамал Ақдәулетов. Өндіріс ардагерінің 90 жылдығы металлургтер мерекесімен тұспа-тұс келді. Н.Ақдәулетов өндіріс ардагері болуымен қатар Қарсақбай қалашығы, кезіндегі Жезді ауданының әлеуметтік-рухани тіршілігіне де белесене араласқан тұлға. Оның ұзақ жылдар бойы, өндірістегі негізгі қызметімен қоса ак. Қ.Сәтбаев Музей-үйінің меңгерушісі міндетін қоса атқарып, осынау киелі шаңырақтың сақталуына үлес қосқанын айтсақ та жеткілікті.

 

Көрме-кездесуді ак. Қ.Сәтбаев Музей-үйінің бөлім меңгерушісі Д.Бәрекенов кіріспе сөзбен ашты. Еңбек ардагері, металлургия заводы механикалық цехының басшысы М.Аубакиров Нұркамал Ақдәулетовтің ұрпақтарын мерейтоймен құттықтады. Ол Нұркамал ағадан көп тәлім-тәрбие алғандығын, жастарға ерекше қамқорлығын атап көрсетті. Өлкетанушы Т.Мұқанұлы ардагердің өлке тарихын жинақтауға қосқан үлесін, әсіресе аудандық газетке үзбей мақалалар жариялап тұрған тілшілік қызметіне тоқталды. Кездесу барысында еңбек ардагері А.Бәрекенов, Н.Ақдәулетовтың келіні А.Қалдыбаева, інісі, байқоңырлық еңбек ардагері А.Нұржанов, қызы Г.Ақдәулетова құрметті металлургтің өмір жолы жайлы естеліктерімен бөлісті. М.Төрегелдин ат. музей әдіскері М.Уатаев, Қарсақбай Мәдениет үйінің маманы А.Қайратұлы мерейтой құрметіне ән-күйден тарту жасады.

 

М.Төрегелдин ат. музейдің бөлім меңгерушісі Ү.Қапарова мыс өндірісінің шежіресі, Қарсақбайдың құрметті металлургтері жайлы сирек құжаттар, Қ.Мәткенов, Н.Ақдәулетовтің жеке комплекстерімен таныстырып, мазмұнды экскурсия жүргізді. Көрмеге музей қорынан және Н.Ақдәулетовтің отбасының мұрағатынан 200-ден астам жәдігерлер қойылды.