Музейлік мереке
1944 ЖЫЛ. 1 МАМЫР. ГЕОЛОГ ҚОСЫНЫНДАҒЫ КЕШКІ АЛАУ.
Музейде осындай тақырыппен ерекше кездесу және осыдан 80 жыл бұрынғы Жезді өзені аңғарындағы геологиялық барлау партиясының бір күндік тіршілігінің инсталляциясы жасалды. Әрине тарихи кезеңді толық қалпына келтіру мүмкін емес. Дегенмен, кездесуге шақырылған Жезді кенішінің 1960-70 ж.ж. инженер геологтары табиғат аясында, геолог қосында өткен күндерге қайта оралғандай әсерде болды. Геолог қосының интерьері, барлаушылардың құрал-жабдықтары мен тұрмыстық заттары, отрядтың кешкі асы, Жезді тоғанынан ауланған шортан, алабұға сорпасы тарихи кезеңді мүмкіндігінше қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Ал, геолог қосынындағы кешкі алау, әуелете шырқалған ән кездесудің әсерін айшықтай түсті. Музейдегі кешкі мерекелік кездесуге шақырылған Жезді марганец кенішінің ардагерлері Б.Нұрсейітов, Т.Шоқанов, М.Шайхымбаев, К.Шортанбаев, музей ардагерлері О.Н.Эрб, С.Бостыбаева ерекше демалыс, естелік сыйлағаны үшін музей ұжымына алғыстарын білдірді. Кездесу тақырыбына 1944 жыл бекер таңдалған жоқ. Дәл осы жылы кеншілер мекені Жезді кентіне жұмысшы қалашығы мәртебесі берілді. Марганец кенішінің ашылуы 1941-45 ж.ж. екінші дүниежүзілік соғыс тарихында шешуші роль атқарды. Көп ұлтты қалашықта бүгінде қаһарман өндірісшілердің төртінші буыны өсіп келеді.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/153-muzejlik-mereke-1944-zhyl-1-mamyr-geolog-osynynda-y-keshki-alau.html#sigFreeIdf041c5c133