29 қаңтар күні Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде «Музейде тақырыптық көрмелерді ұйымдастыру технологиялары» семинар - тренингі өткізілді. Семинардың мақсаты - ауыл мектептерінде ашылған мектеп музейлерінің жұмыстарын одан әрі жандандыру, «Өлкетану» курстары жоспарларына сәйкес бірлескен зерттеулер жүргізу, көрмелер ұйымдастыру, тарихи құндылықтарды сақтау мен жинақтауда әдіс - тәсілдермен бөлісу, мектеп музейлерімен кері байланыс орнату. Семинарға Жезқазған қалалық мемлекеттік архивінің құжаттарды ғылыми пайдалану бөлімінің меңгерушісі Жаңагүл Оспанова, «Ұлытау» ұлттық тарихи – мәдени, табиғи қорық музейінің басшысы Бақтияр Қожахметов, Ұлытау аудандық Білім бөлімі «Өлкетану» бағытының әдіскері Светлана Омарова модераторлар ретінде қатысты. Сол сияқты аймақ музейлері мен аудандық мектеп музейлерінің мамандары және мектептердегі «Өлкетану» курсының жетекшілері қатысты.
Семинар барысында мектеп музейлерінің жетекшілері үшін тақырыптық көрмелерді дайындау технологиялары, көрме құжаттарын рәсімдеу, өткізу әдістері жайлы дәрістер мен тренинг ұйымдастырылды. Музей жетекшілеріне блиц - сұрақтар таратылды. Музей экспозициялары мен көрмелерін пән бағдарламаларында пайдалану ұсыныстары талқыланды. Жезқазған қалалық мемлекеттік архивінің құжаттарды ғылыми пайдалану бөлімінің меңгерушісі Ж.Оспанова қор жинақтау методикасы және архив құжаттарын жүйелеу, көрмелеу тәсілдерімен таныстырды. Сол сияқты семинарға қатысушылар үшін өлкетанушы С.Бүкіров жөнінде бейне - лекция ұсынды. Тренинг барысында қатысушылар екі топқа бөлініп, С.Бүкіровтың өмірі мен қызметін көрмелеудің тақырыптық жоспарын дайындады.
Семинар жұмысын қорытындылау барысында «Ұлытау» ұлттық тарихи – мәдени, табиғи қорық музейінің басшысы Б.Қожахметов мектеп музейлерінің жұмысын жандандыруда ереже дайындап, аудандық мектеп музейлерінің ассоциациясын құру жөнінде ұсыныс білдірді. «Өлкетану» бағыты бойынша зерттеулер жүргізуде, музейге жәдігерлер жинақтауда оқушыларды тартудың маңыздылығын атап айтты. Ұлытау аудандық Білім бөлімі «Өлкетану» бағытының әдіскері С.Омарова мектеп музейлерінің білім берудегі қызметіне тоқталып, «Ұлағатты ұрпақ» мәдени білім беру жобасын жүзеге асыруда музейлердің аймақ мектептерімен байланысын нығайтып, өлкетану сабақтарын жетілдіру, мектеп музейлерінің тақырыптық-экспозициялық құрылымын қалыптастыруда музей мамандарынан әдістемелік көмек қажет екендігін атап өтті. Семинар барысында суретші-өңдеуші, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Е.Исатаевтың шеберлік дәрісі өткізілді.
https://muzeijezdi.kz/kz/zha-aly-tar/144-muzejde-ta-yrypty-k-rmelerdi-jymdastyru-tekhnologiyalary-seminar-treningi.html#sigFreeId2da74fe2aa